Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Түркістан облысының шенеуніктері уәдесінде тұрмады

AstanaTV
30.10.2020ж. 20:00
3272
Түркістан облысының шенеуніктері уәдесінде тұрмады

Уәде орындалмады. Өткен жұмада тікелей эфирде газ мәселесін шешуге сөз берген Түркістан облысы Ордабасы ауданының шенеуніктері проблеманы шешпеген. Тұрғындар бүгін тағы хабарласып, суық үйде бүрсеңдеп отырғандарын айтты. Ал, уәдені үйіп-төгуден шаршамайтын атқамінерлер көгілдір отынмен қамтуға жұмыс күші жетпей жатқанын айтып ақталды. Темірлан ауылының газдан қағылған ауыл тұрғындарының жанайқайын әріптесім Айзада Төребекқызы көзбен көріп қайтты.  

Ләззат Сүлейменова жалғызбасты ана. Оның күні мына нан пісіретін пешке қарап тұр. Үйді осымен жылытады. Шенділердің табиғи газ кіреді деген сөзіне сеніп, көмір де түсірмепті.

Ләззат СҮЛЕЙМЕНОВА, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен мына пешті не бұзарымды да білмеймін, не бұзбасымды білмеймін. Оны бұзсам бала-шағам жаурап қалады. Тұр сол үшін.
-Жағып отырсыз ба?
-Жағып жатқан жоқпын.  Көмір алатын ақшам жоқ менің, газдың кіретін ақшасын төлеп қойдым.


Көгілдір отынға қосыла алмай отырған Темірлан ауылының шағымын, өткен жұмада тікелей эфирде көтерген едік. Тұрғындар сол кезде көмірмен жылытатын пештерін бұзып тастағандарын айтқан болатын.  

Мақсұт МӘМБЕТҰЛЫ, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

23-қазан күні телефонмен сұқбаттасқанда Арман ЖКХ бөлімінің бастығы «бір аптаның ішінде газ берем» деген уәдесі бар. Міне бүгін бір аптасы болды. Ешқандай әрекет көріп тұрған жоқпыз. Ол тағы да бір аптаның ішінде болады дегенге мен күмәндімін. Сенбеймін мен оларға.

Біз бүгін республикаға уәде берген аудандық бөлімнің басшысы Арман Ысқақовты іздедік. Бірақ жұмыс орнынан таба алмадық. Оның орынбасары мәселені енді екі аптада шешеміз деп ақталды.  

Ерсейіт БҰХАРБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Мердігер мекеме Шымкент қаласында да қызмет көрсетеді. Сол жақта қызмет жасауына байланысты мамандар жетіспеушілігіне байланысты мына жақтағы Темірланның абоненттерін қосу жұмыстарын сол себепті кешігуде. -Демек екі аптада да тағы кешігетін қорқыныш жоқ па? - Жоқ. Ол қазір нақты уәдесін алдық «екі апта көлемінде міндетті түрде қосамыз» деген.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Уәделі бір аптаны айтпағанда бұл көшеде әлі газ құбыры кіргізілмеген үйлер бар екен. Мәселен, мына үй сәуір айында 85 мың теңгесін санап тұрып төлеп қойған екен.  Бірақ көріп тұрғанымыздай әлі құбыр да тартылмаған.

Құбыры әлдеқашан тартылып, газ кірген көшенің өзінде көгілдір отынның шапағатын көре алмай отырғандары да кездесті.   

Аршабай ҚОЖАГЕЛДИЕВ, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2019 жылы міне документім бар, квитанциясымен тұр. Тапсырғанмын.  Монтаж жасалған. Талғат март айында келіп пешті қосамыз деді котелды, пешті бұзып, котел орнатқанмын. Содан бері жоқ әлі, қоспайды газымызды.

Жауаптылардың мәліметінше Темірлан ауылында жалпы 3 мыңнан аса абонент бар. Соның 27 пайызы ғана газды тұтынуда.

А. Төребекқызы