Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Перзентханадағы өлімге дәрігерлер кінәлі, - қайғы жамылған отбасы

AstanaTV
02.11.2020ж. 20:00
3313
Перзентханадағы өлімге дәрігерлер кінәлі, - қайғы жамылған отбасы

Алматыдағы перзентханада көз жұмған ана мен баланың жақындары, дәрігер қателікке жол берді деп айыптайды. Олар қайғылы оқиғаның болғанына алты айға жуық уақыт өтсе де, ақ халаттылар тиісті жазасын алмағанына наразы. Тіпті денсаулық сақтау министрлігіне арызданған. қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.

Қайғылы жағдай 16-шы мамырда қаладағы акушерлік және гинекологиялық ғылыми орталығында болған. Қызы мен немересінен қапыда айрылған Ерлан Мұхамбетов, содан бері әділдік іздеп жүр. Айтуынша 26 жастағы келіншектің алғашқы жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өткен. Айы-күні жеткенде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіліпті.

Ерлан МҰХАМБЕТОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Қызым ауруханаға түскенге дейін денсаулығына шағым жасамаған еді. Жүктілікте жақсы өтті. Нәрестенің дамуында да ешқандай проблема болған жоқ. Босануға келген кезде ғана шарананың үлкен екендігі анықталды. Соған қарамастан қызымды 12 мамырда табиғи жолмен босандырып алды.

Нәрестенің салмағы 4 келі 780 грамм болған. Жас ана басану кезінде көп қан жоғалтыпты. Дәрігерлер "амниотикалық сұйықтық эмболиясы" диагнозын қойған.

Ерлан МҰХАМБЕТОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Қызым босанысымен жасанды тыныс алу аппаратына жатқызылды. 15 мамырда немерем қайтыс болды. 16 мамырда қызымның жүрегі тоқтады. Кесір тілігін жасап, екеуінде аман алып қалуға болар еді.

Қайғылы оқиғадан кейін жедел тергеу басталып, өлімге қанның көп кетуі себеп болғаны анықталған. Осыдан соң босандырған дәрігер жұмыстан шеттетілген.

Марина РУЗМАТОВА, АЛМАТЫ қ. АКУШЕРЛІК ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ПЕРИНАТОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

 
Негізінен кесір тілігі салмағы 5 келіден асатын балаларға жасалады. Дәрігерлер келіншекті босандырар алдында оны жан-жақты тексеруден өткізді. Табиғи жолмен туа алатындығына сенімді болған. Босандырған акушер мен дәрігер жұмыстан шеттетілді.


Қара жамылған отбасы денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсіріпті. Оқиғаның жәй-жапсарын тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті анықтауға тырысқан. Ондағылар істі қалалық полицияға жолдапты.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Алматы қалалық Полиция Департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық іс тіркелуде. Қылмыстық кодекстің 317 бабының 3 тармағы бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Қапыда қызынан айрылып қалған отбасы болған жайтқа кінәлілер Заң алдында қатаң жазаланғанын қалайды. Олар өз ісіні салғырттық танытқандарды медицина саласына мүлде жолатуға болмайды дейді. Өйткені қайғылы жағдайдың тағы қайталуынан қорқады.   

Ә. Лесбек