Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Павлодардағы шағын ауданға 11 әкім жол салып бере алмаған

AstanaTV
04.11.2020ж. 20:00
2205
Павлодардағы шағын ауданға 11 әкім жол салып бере алмаған

Павлодарда бүтін бір шағын аудан тұрғындарының жол азабын тартып отырғандарына 30 жыл болады. Халық 11 әкімнің мәселені шешіп бере алмағанына күйінеді. Жаңбырда батпақ кешкен жұрт, көше жолдары бірде-бір жөндеу көрмеді дейді. Шағын ауданға орталық су құбыры тартылғанымен, үйлерге әлі ауызсу жетпепті. Бұқараның мұң-мұқтажын тындаған әріптесім Өзгеріс Қуанар, жолдың жыры жуық арада шешілмейтінін біліп келді.  
 
Бұл -Павлодардағы «Зеленстрой» шағын ауданы. Мұнда 500 түтін бар.  Тұрғындардың айтуынша бұл жыл сайын қайталанатын көрініс - осы.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
 
Бұл жолдың жөндеу көрмегеніне 30 жылдан асыпты. Жаңбыр жауса, тұрғындар толарсақтан саз кешуге мәжбүр. Аяқ алып жүргісіз батпақтан қарға адым жер жүрудің өзі үлкен мұңға айналған.

Осы шағын ауданды 20 жылдан бері мекен еткен Гүлнәр Рамазанованың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Қаншама әкім ауысса да, ешбірі уәдесінде тұрмады – деп күйінеді.

Гүлнәр РАМАЗАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жолымыз жаман. Жасыратыны жоқ. Мына көше ондай болмаған. Сұмдық. Қарап тұрсаңдар міне бүкіл жер лай. Өзіміз жүре аламаймыз. Магазинге бара аламаймыз. Магазинге барайық десек тротуар жолда жоқ.

Шағын аудандағы тағы бір түйткіл – ауыз су мәселесі.  Өткен жылы құбыр тартылған, бірақ оның шапағатын көріп отырғандары бірен-саран. Өйткені көпшілігінің құбырды үйге дейін тартуға қалталары көтермейді.

Темірболат ЖҰМАЛИН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр суды  өткізді. Бәрін өткізді де жер қатып қалды да, кейбір үйлер қосыла алмай қалды. Енді өздерің қосыңдар – дейді. Өзіміз қоссақ көрдіңдер, пенсионерлер оны біз осилить ете алмаймыз ақшаға.

Жергілікті әкімдік ешкімге суды тартып бермейтінін ашық айтты. Ал, жолды салуға асығар емес. Олар алдымен кәріз желісін тартып алмақшы.

Салтанат ӘКІМБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Павлодар қаласының құрылыс бөлімі «Зеленстрой» шағын ауданына кәріз жүйесінің желісін тарту бойынша жобалау жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Бірақ, жоба келесі жылы, яғни 2021 жылы басталатын болады. Сондықтан жол жөндеу жұмыстары құрылыс аяқталған соң ғана салынады.

Қордаланған мәселенің жақынарада шешілетін түрі жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері Павлодар қаласында 11 әкім ауысқан. Алайда, ешқайсынан қайыр көрмедік деген бұқара, қайда барарларын білмей дал. Кәріз тартылып, жол келем дегенше шенеуніктер ауысып жоспар тағы өзгере ме деп қорқады.

Ө. Қуанар