Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Түркістанда көпқабатты үй тұрғындары жылуға жарымай отыр

AstanaTV
04.11.2020ж. 20:00
2703
Түркістанда көпқабатты үй тұрғындары жылуға жарымай отыр

Түркістанда көпқабатты үй тұрғындары қарашаның қара суығында дірдек қағып отыр. Шаһарда жылыту маусымы 28-қазанда басталған. Алайда арнамызға базынасын айтқан жұрт әлі күнге пәтеріміз жылымады дейді. Жылу берілген үйде де береке болмай тұр. Өйткені жылу құбырлары қанжылым ғана.

Жібек Керімбекова бәрінен бұрын кішкентай немелері үшін алаңдайды. Төрт бүлдіршіні тоңып қалмасын деп электр жылытқышты қосып отыр. Ал түнде бір емес бірнеше көрпе жамылатындарын жеткізді.

Жібек КЕРІМБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күн суып бара жатыр күннен күнге, түн суық.  Айдың аяғында жылда қосып қоятын. Биыл білмеймін ғой не болғанын. Әлі астымыз айрап -жайрап жатыр, вентильдер әкеп қойыпты, ол вентилін де ауыстырған жоқ әлі да барып қарасақ подвалымызда.  

Ал Қаршыға Әбуованың күніне жарап тұрған көгілдір отын. Газды шәй қайнатып, тамақ пісіруге емес, күз түскелі бөлме ішін жылытуға  қосып қоюды әдетке айналдырған. Басқа амалы жоқ.

Қаршыға ӘБУОВА,  ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Уланып қаламыз ба деп те қорқамыз. Жатқанша қосамыз бірақ аямай, сол жағдайымыз. Жылу жоқ. –Свет? -Светіміз көтермейді ешқандай да, егер светті қосатын болсақ бүкіл дом өмірі осы бет өшеді да жатады , содан кейін қоспаймыз, свет оның үстіне қымбат.


№ 22 үйде 32 отбасы тұрады. Барлығы пәтер іші суық болғандықтан балаларын күнұзаққа сыртта ойнатады екен. Тұрғындардың сөзінше ай сайын өздері ақы төлейтін сервистік компания үдеден шыға қоймапты. Халық тоңғанымызға құлақ аспады деп жергілікті әкім-қараларға да өкпелі.

Ақнұр АНДОСОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Әкімшілікке хабар бергенбіз. Әкімшілік басын тартады КСК жауап береді деп, КСК ға да хабар дердік, КСК ол да телефонды алмайды.

Түркістанда жылу берілген үйлердің өзінде шу көп. Жылу бір бөлмені ғана жылыта алады десті. Тұрғын үй инспекциясындағылар мұны жылыту маусымының алғашқы апталарында кездесетін қиындық деп ақталды. Десе де бірқатар үйлердің жертөледегі шіріген құбырлардың жоғары қысымға шыдас бермей жарылып, қиындық тудырғанын жасырмады.
 
Әбутәліп АСАНОВ,  ТҮРКІСТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:


Қазіргі таңда 10-15 ке жуық жұмысшы топтар ұйымдастырылып, әр жерден дәнекершілер жинастырылып қазіргі таңда осы көпқабатты үйлерге бірқалыпты жылу беру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Әкімдіктегі мамандар бір апта шамасында барлық мәселе шешіледі деп сендіріп отыр. Суықта дірдектеп отырған №22 үй тұрғындары жертөледе түнімен жөндеу жұмыстары жүргенін хабарлады. Бірақ құбырға әлі жылу келе қоймаған.

А. Төребекқызы