Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылмайды

AstanaTV
04.11.2020ж. 20:00
2989
Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылмайды

Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылмайды. Ел ішінде тараған қауесетке бүгін денсаулық сақтау министрлігі нүкте қойды. Сондай-ақ, Қазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, дәрігерлер де індет жұқтырып жатыр. Кезекті толқынға дайынбыз деген жауапты министрлік, бұған қатысты не дейді? Әріптесім Асылбек Даниярдың бейнематериалы.

Денсаулық сақтау вице-министрі Батыс Қазақстанда тіркелген қайта жұқтыру жағдайын есептемейтінін айтты. Себебі, науқастың ауру белгілері түсініксіз болыпты. Мұны жергілікті комиссия тексеруге алған. Екінші рет сырқатану қазанның соңында Қарағанды да тіркелген.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірінші жағдайында да осы аурудың толық клиникалық каринасы болған. Барлық инструменталдық-лабораториялық анализдерімен дәлелденген. Екінші жағдай да қазан айының ішінде сондай ауру белгілерімен қайта түсіп, ПТР сынамасы оң болыпты.

Қостанай облысындағы Жітіқара аудандық ауруханасының екі бөлімі карантинге жабылды. Хирургия және терапия бөлімдерінде COVID-19 жұқтырғандар анықталған. Қазір аурухананы құқық қорғау органдары тәулік бойы күзетіп жүр. "Көктемде сабақ алдық" деген министрлік, бұл жағдайға қатысты түсінік бере алмады.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Шын мәнінде Жітіқара аудандық ауруханасының 15 медицина қызметкері мен 3 емделушіден анықталды.  Осы жағдайға байланысты емдеу мекемесінің жұмысы уақытша тоқталды. Бүгін ол жерде жоспардан тыс тексеріс басталды.

Ал, қарашаның тоғызынан бастап Петропавл карантинге жабылмақ. Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша блок-бекеттер қойылады. Өйткені аймақта коронавирусқа шалдыққандардың саны қазан айында күрт көбейіп, 350-ден асып түсті.

Татьяна ГОРЛОВА, СҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:


Біз қазанның 27-нен бастап жүк тасымалдаушы жүргізушілерді тексере бастадық. Бірінші күні 12 адам, екінші күні 19 адамда тест оң нәтиже көрсетті. Қазір жүк тасымалдаушыларға баса назар аударылып отыр. Жалпы, қазан айында шетелден келген 104 адамнан індет белгілері табылды. Яғни, аймақта анықталған әрбір үшінші науқас шетел асып келген.


COVID-19-дың таралуы жиілеуіне байланысты, республиканың 14 өңірінде карантин қатаңдатылған. Министрлік дерегінше, дертті адамдар қатары 2,6 пайызға өскен. Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова ел аузында жүрген: "қараша айының ортасында астана жабылады" деген қауесетті жоққа шығарды. Әзірге, Елорда жасыл аймаққа тұр деді.  

А. Данияр