Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ақтөбеде қазына қаражатына салынған мектеп екі жылдан бері бос тұр

AstanaTV
04.11.2020ж. 20:00
1977
Ақтөбеде қазына қаражатына салынған мектеп екі жылдан бері бос тұр

Ақтөбеде үш жүз балаға арналып салынған мектеп екі жылдан бері бос тұр. Ал аймақта білім ордасының тапшылығы өзекті. Сорақысы сол қазына қаражаты жұмсалған мектеп тұрған жер, жеке адамның иелігенде тұр. Өңірдегі тілшіміз Бақыт Рахметова, шым-шытырық жайт зерттеп көрді.  

Мына оқу ғимараты екі жыл бұрын салынған. Оған халық қазынасынан миллиард теңге бөлініпті. Бірақ әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Былтыр жаңа нысанды жеті жылға сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер, бұған жергілікті атқамінерлерді кінәлап отыр.

Рабиға ТАСЫБАЕВА, КӘСІПКЕР:

Олар "жыл бойы жұмыс істейтін лагерь болады" деп бюджетке тапсырыс берді. 166 миллион теңге бөлінді. Ал, ол қаржының қайда жұмсалғанын мен білмеймін. Мен сенімгерлік басқарушы ретінде өз міндеттемемді толық орындап отырмын.

Қазір бұл ғимарат құжат бойынша облыстық «Дарын» орталығының балансында тұр. Бірақ неге екені белгісіз оқу ғимараты жеке-меншікке берілген жерге салынған. Осыны білмек болып әкімдікке шықтық. Ондағылар сол кезде билік басында отырған шенеуніктердің әрекетіне жауап бере алмайтындарын айтты.  

Ләззат ОРАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Білім басқармасымен бұл ТОО арасында ешқандай талап жоқ. Біз сіз осыны ұйымдастырғанда осындай болады деген талап жоқ. Бұл бойынша біз бірнеше жауаптарын бердік. Негізінен облыстық білім басқармасын осы арызға байланысты бірнеше рет тексерді. Қазір сенімгерлік басқаруға алған мекеме сол жердегі бизнес планға байланысты жұмысын ұйымдастыру керек.

Демек, жер иесі, яғни кәсіпкер жыл бойы жұмыс істейтін лагерьді ұйымдастыру керек деп отыр. Қалай болғанда да қоғам белсенділерін қазына қаражатының сұраусыз жұмсалғаны алаңдатады.
 
Марат ҚОЙЛЫБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Негізі қазынадан шыққан қаражат әр тиыны елдің мүддесі үшін жұмсалды ма, сол жұмсалған жеріне дейін жету керек. Оны балаларға арнап салды ма, сол балалар лагерін, білім алатын орнын пайдалану керек. Мұның құзырлы орындар нақты ақ-қарасын шешіп беру керек деп ойлаймын.

Айта кетейік, өңірде 12 мектеп үш ауысымда оқып жатыр. Бір білім ордасын апатты жағдайда тұр. Физика-математика мектебі болса, өз ғимараты жоқ болғандықтан қаншама жылдан бері жеке-меншік мекеменің нысандарын жалға алып келеді.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Қазіргі уақытта құзырлы орындар бұл мектепке қатысты тексеріс бастаған. Ал қаншама қазына қаражаты жұмсалған оқу ғимаратының қай уақытқа дейін осылай қаңырап бос тұратыны әзірге белгісіз болып тұр.

Б. Рахметова