Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Кіші мейірбикелер жетімнің күйін кешіп жүр

AstanaTV
05.11.2020ж. 20:00
2515
Кіші мейірбикелер жетімнің күйін кешіп жүр

Кіші мейірбекелер жетімнің күйін кешіп жүр. Арнамызға хабарласқан Жамбыл облысы Талас аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері осылай деді. Олар саладағылардың жыл басында жалақысына қосылатын 30 пайыздан қағылып келеді. Осыны айтып талай рет денсаулық сақтау басқармасына арызданған. Бірақ мардымды жауап ала алмапты.

Тәжігүл Кекілованың аудандық ауруханада кіші мейірбике, яғни санитар болып қызмет атқарып жүргеніне 10 жылдан асқан. Оның айлығы шамамен 65 мың теңгеге жуықтайды. Ол сейсенбіде арнамыздағы "телерепортер" айдарына хабарласып, уәделі жалақыны ала алмай жүргендерін айтып шағымданды.
 
Тәжігүл КЕКІЛОВА, КІШІ МЕЙІРБИКЕ:

Январьда қосылады деген. Январьда кіші мейірбекелерге айлық қосылған жоқ. Сосын бізге июльде деді. Июльде тағы қосылған жоқ. Сосын жақында тағы сұрасақ, әлі болмай жатыр. Ештеңе болмай жатыр дейді. Сонда бұл қалай болады? Барлық жерде қосылды емес па?

Осы мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін облыстағы денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Бөлім басшысы Айтымбет Байымбетов бізбен тілдесуі тиіс болған. Алайда, жеме-жемге келгенде тікелей эфирде телефонын көтермеді.

Жауаптылардың жауапсыздығы көңілге күдік ұялатқаны, рас. Ауданға барып жағдайды көзбен көріп қайттық. Бірақ жергілікті атқамінерлер бұл санаттағы мамандардың жалақысы көтерілмегенін мойындады. Оның себебін былай түсіндірді.

Жанна ҚАЛДЫБАЕВА, ТАЛАС АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ЕСЕПШІСІ:

Осы 20 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет басшысы тапсырмасымен айлық жалақы көтерілген болатын. Біліктілік санатына байланысты дәрігерлерге орта есеппен 30 пайызға, орта буынды мейірбикелерге 20 пайызға. Енді санитаркаларға келсек қарастырылмаған. Тізімде жоқ санитаркалар.

 
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, қызметке жаңадан келгенін желеу етіп, сұқбат беруден бас тартты. Ал, тікелей эфирде телефонын көтермеген бөлім басшысы Айтымбет Байымбетов мен оның орынбасарын жұмыс орындарынан таппадық.

Адас МОЛДАШОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
 
Басшының орынбасары немесе бөлім басшысы екеуі де еңбекке жарамсыз қағазда болғаннан кейін екеуі де қатыса алмады. Бірақ мен жаңағы замға звандап едім ол кісі, аламадым. Енді денсаулығына байланысты болған шығар.


Әліптің артын бақсақ, бұл дауға жауаптылардың шағымданған кіші мейірбикелерге түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізбегені себеп болған. Дегенмен олардың еңбегі ақталмай жатқанын депутаттар мойындайды. Бұл мәселені енді мінберден көтеруге уәде берді.   

Дания ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
 
Тізімнің ішіне санитарлар кірмеген. Бірақта мына індет кезінде олар басқа да медицина қызметкерлерімен бірге жұмыс істеді. Сондықтан осы адамдарда алуға тиіс деп ойлаймын. Өзімде ойлағанмын осы мәселені көтеру керек деп. Болашақта бұл сұрақты көтеремін.


Дәрігерлермен бірге күні-түні жұмыста жүретін кіші мейірбикелер айлықтарының шайлығына жетпейтінін айтады. Сондықтан жалақыға аз да болса қосса деген өтініш айтты.

Б. Жұмабайұлы