Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×
Біз біргеміз

Жаңа қазандық орнатылған Мойылдыға жылу қашан келеді?

AstanaTV
05.11.2020ж. 20:00
1957
Жаңа қазандық орнатылған Мойылдыға жылу қашан келеді?

Павлодардың іргесіндегі Мойылды елді-мекенінің тұрғындары жаңа қазандықтың рахатын көре алмай отыр. Жиырма жылдан бері пәтерлерінің терезесінен мұржа шығарып, көмір жағып келген олар енді қайта пеш жақпақшы. Өйткені әкімдік салып берген қазандық қарашадағы қара суықта үйді жылыта алмай отыр. Бұқара пеш жағатын болса, қазандық шығыны үшін ай сайын міндеттелген несиені де төлемеуге бекінген.  

70-тен асқан Қазиза әжей үйде де қабат-қабат киініп жүреді. Электр пешіне күні қарап тұр. Ауырып қалмаудың неше амалын жасап, жан бағуда.  

Қазиза ҚАРАҒОЖИНА, МОЙЫЛДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Например, қазір квитанция келеді теплоға. Не үшін төлейміз обогревателді жіберіп жатырмыз электрический. Светке төлеу керек. Еще теплоға төлеу керек. Білмеймін, мен өзім жалғыз тұрам. Пенсиям минимальный кішкентай.

Мойылдыда ескіден келе жатқан екі қабатты үйлерден бөлек, 5 қабатты баспаналарда бар. Жалпы 160-тай отбасы тұрып жатыр. Олар 90-шы жылдардан бері, пәтерлеріне пеш орнатып, көмір жағып күнелтіп келген.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұндай пешті әр пәтерден көруге болады. 20 жылдан бері от жағып жылынған тұрғындар қыста үй жылынбайтын болса, пешті қайтадан іске қоспақ. Сол үшін де пешті сақтап қойыпты.

Мұндай пештердің көпқабатты үйлерде болуы, қауіпті. Осыны ескерген жергілікті билік, биыл «Тұрғын үйді жаңғырту» аймақтық бағдарламасымен жылу қазандығын салған. Шығынды тұрғындар 8 жыл бойы несие ретінде төлеуге міндеттеліпті. Бірақ, қазандықтан пайда көре алмай отырған бұқара қыркүйектен бастап қосылған 3 мың теңгені төлеуге келісер емес.  

Сания ГАЛИМОВА, МОЙЫЛДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


21 жылдан бері пеш жағып жылынып келдік. Пәтерге пеш салып, терезден мұржа шығардық. Тіпті, осының салдарынан уланып қалған кездеріміз де болды. Енді, міне, пеш жағудың әлегінен құтылатын болдық па десек, үй суық. Енді болмаса қайта пеш жағамыз.

Наталья ШЕРСТЯНИКОВА, МОЙЫЛДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз қыста 30-40 градус аяз болғанда не боламыз - деп қорқып отырмыз. Өйткені, қазірдің өзінде үй жылынбайды. Суықтан, өзімде балаларымда ауырды. Жөтеліп жатырмыз. Үй деген суық. Енді не істейтінімізді білмейміз.

Мәселені білмек болып жауаптыларға хабарластық. Олар қазандықтың баспананы жылыта алмай жатқанын растады. Айтуларынша жаңа қазандықтың құрылғысы істен шыққан.

Ерік ҚАЙЫРОВ, «ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ ҚАЛАЛЫҚ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ» ЖШС ЖЕТЕКШІСІ:

Қазандықтың түтін сорғыш аппараты істен шықты. Сол себепті температура төмендеп кетті. Кеше ғана құрылғыны жөндеп іске қостық. Қазіргі уақытта қазандықтағы температура 70 градусты көрсетіп тұр. Үйлер жылынды.

Мекеме басшысы қазір үйлер жылынды дегенімен, мойылдылықтар келіспейді. Олар үй ішінде бүрсең қағып отырғандарын айтады. Күзде шамасы жетпей жатқан қазандықтың, қақаған қыста қалай болары әзірге белгісіз.
 
Ө. Қуанар