$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өртенген үйден отбасы мүшелерінің мәйіттері табылды

AstanaTV
06.11.2020ж. 20:00
2655
Өртенген үйден отбасы мүшелерінің мәйіттері табылды

Таразда тағы да жан түршігерлік жағдай орын алды. Шаһар шетіндегі жер үйлердің бірі түнде отқа оранды. Баспанада болған 84 жастағы қария мен оның 60-тағы ұлы бақилық болды. Оларды құтқармақ болған немересі де ажал құшты. Қайғылы оқиғаға не себеп болды? Мамандардың болжамы қандай? Оқиға орнына барып қайтқан аймақтағы тілшіміз, сауалдарға жауап іздеді.

Төрт бөлмелі үйдің түгі қалмай күлге айналған. Төбесі опырылып, шаңырағы ортасына түскен. Бір отбасы өрттің құрбаны болды. Үйінді арасынан 3 адамның мәйіті табылды. Немересі жазғы шағын баспанада баласымен жатқан. Ол түн жарымында үлкен үйдегі өртті байқап, ондағы ересектерді құтқармақ болып ішке кірген. Бірақ қайтып шықпапты.

Мирсабит МИРДЖАЛАЛОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Миша жанып жатқан үйдегі әжесі мен әкесінің ағасын алып шығамын деп қолына су алып ішке терезіне сындырып кірген. Шыға алмай қалған. Түтінге тұншығып қалды ма, әлде шатыр құлап басып қалды ма, білмеймін. Естігенім осылай, нақтысын білмедім.  

Жазғы ас үйде, марқұм Мишаның 8 жастағы ұлы қалған. Ол дін аман. Шырт ұйқыда жатқан балғын, қазір туыстарында. Көршілерінің айтуынша жеткіншектің ата-анасы жақында ғана ажырасқан. Енді ол анасының қолына кетуі мүмкін. Төтенше жағдай мамандарыныңы айтуынша, өрт туралы хабар түңгі сағат 3-тен 40 минут кеткенде түскен.    

Талғат САБИТОВ. ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Өрттің болжамды себебі, электр сымдарның тұйықталуынан деп ойлап отырмыз. Қазір полиция қызметкерлерімен тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Үш бірдей адамның өмірін жалмаған өрттің неден шыққанын мамандар анықтауға кірісті. Қазір қақпасына құлып салынды. Айта кетейік дәл осындай оқиға Таразда күз түскелі осымен екінші рет тіркеліп отыр. Өткен айдың басында ғана екі және үш жастағы бүлдіршін тілсіз жаудың құрбаны болған еді.

Б. Жұмабайұлы