$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістанда әуежай құрылысына қатысқандар ақшасын ала алмай жүр

AstanaTV
06.11.2020ж. 20:00
2674
Түркістанда әуежай құрылысына қатысқандар ақшасын ала алмай жүр

Түркістанда әуежай құрылысына қатысқандар ақшасын ала алмай жүр. Наурыз айынан бастап жұмысқа кіріскендер жаз бітпей жалақы сұрап қаламыз деп ойламағандарын айтады. Бір топ кәсіпкер әуежай құрылысына жалға берген техникаларының жалға алу құны мен жұмысшыларының еңбекақысына қыркүйектен бері даулап жүр. Айтуларынша қарыз көлемі бірнеше миллион теңге. Алашағы барлардың арызын әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Істеген жұмысының ақысын ала алмай жүргендер әуежайдың ұшып-қону алаңының құрылысына қатысқандар. Оннан астам жеке кәсіпкер мұнда өз техникаларын жұмылдырған екен. Айтуларынша, барлығы мына ұшақ қонатын жолдың негізгі қабатын төсегендер.

Жеке кәсіпкер Әлия Сердалиеваның 16 тонналық жер нығыздайтын ауыр техникасы наурыз айынан бері тоқтаусыз екі ауысымда жұмыс істепті. Бастапқыда тұрақты төлегенмен, кейіннен бір бөлігін кешіктіріп отырған. Қазіргі алашағы 2 млн теңгенің үстінде.

Әлия СЕРДАЛИЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:


Сылтауы сол ақша жоқ. Бізде счет арестте болған еді, тағы күтесіздер... ал бізде келісім шартта ондай вообще пункт жоқ. 15 күннен кейін ақша аударылуы керек.  Олар өз келісіміне уже неғып жатқан жоқ орындап жатқан жоқ. Бастықтарына звондап жатырмыз. Бізді адам ғып санамайды.

Түркістандағы әуежай құрылысын жүргізгендер, қыркүйектен бері ақшасын даулап келіп жүр. Ұшып-қону алаңының құрылысы әлдеқашан аяқталған. Бірақ төленбеген миллиондары көп дейді кәсіпкерлер. Алашағы барлар Нұр-Сұлтан қаласына тіркелген қосалқы мердігермен келісім-шарт жасассқан.

Мұрат САЛҚЫНБЕК, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:


Менде осы жерде 3-4 техника жұмыс істеді. маған «АВС партнерс» бүгінгі күнге 8 млн 790 мың теңге қарыз. Осы жерде шаңда, күннің ыстығында жаз бойы істеген көктем күз істеген жұмысымыздың нәпақамыздың өзіміздің ақшамызды ала алмай жатырмыз. Әкімшілікке де шығып жатырмыз,.. бюджеттің ақшасы ғой бұл ақшаның бәрі. Сол өзінің діттеген жеріне жетпей жатыр бұл ақша.

Мүслім ҚҰРБАНОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

 
Екі айдан бері нәтижесі шықпағасын бас мердігер түркиялық компанияның директорынан сұрадық. Ол өздері тарапынан ешқандай қарызы жоғын айтты. Қосалқы мердігермен әлдеқашан толық есептесіп қойыпты. Ал барлық ауыр жұмысты істеген біздер ақшасыз қалып тұрмыз.

Түркістан облысының шенділері қордаланған қарыздан хабардар. Тек бас мердігермен ғана жұмыс істейтіндіктен қосалқы мердігердің жұмысына араласа алмаймыз деп ақталды. Олардың дерегінше аталған компанияның 100 млн теңгеге жуық қарызы бар.

Мадияр БАЙЫМБЕТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
100 млн-ға жуық қаржы дегеніміз ол АВС –тің өкілдерінен алынған ақпарат. Бұл мекемеге біз жаңағы айтып отырмыз ғой, мынау келісім -шартта егер рәсімделсе азаматтармен кәсіпкерлермен төлеу бойынша ешқандай дау-дамайсыз, үлкен резонанс туғызбай, тиісті жұмыс жүргізу бойынша жұмыстар жасадық.


Қосалқы мердігер компания өкілдерін құрылыс басынан кезіктірмедік. Кеңселері жабық. Телефон арқылы байланысқа шыққан компанияның заңгері алашағы барлардың ұзын саны жиырма тартатынын жеткізді. Бірақ қарыз көлемі басқармадағылар айтқандай 100 млн теңге емес деді.

Рамзан КАРТОЕВ, «ABC PARTNERS» ЖШС ЗАҢГЕРІ:

Шамамен 50 млн теңгедей қарызымыз қалды. Әкімдіктің ақпараты қыркүйектің басындағы болуы керек. Біз шетінен құтылып келе жатырмыз. Кейбір бетон құюға қатысқандардың жұмысты шала істеуі, кейбір  техникалардың бұзылғаны себепті жұмысты мерзімінде бітіре алмадық. Біз барлық қарызды алдағы аптада жауып бітеміз.

Айта кетейік, 2019 жылдың мамырында басталған халықаралық әуежай құрылысы  қарашаның соңында толық пайдалануға берілмек. 1-желтоқсаннан бастап ұшақ қабылдауға қамданып жатыр. Ал бұл уақытта табан ақы, маңдай термен тапқан теңгесін даулағандар сотқа құжат әзірлеу үстінде.

 А. Төребекқызы