$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанның бірқатар аймағында блок-бекеттер қойылды

AstanaTV
09.11.2020ж. 20:00
3010
Қазақстанның бірқатар аймағында блок-бекеттер қойылды

Блок-бекеттер қайта қойылып жатыр. Елде коронавируспен сырқаттанушылардың көбеюіне байланысты тағы бірқатар аймақта шектеу шаралары күшейтілді. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарына жүретін жолаушылар пойыздарының жүру жиілігі уақытша өзгертілді. Сонымен қатар, бірқатар вокзалдарда билеттерді сатуға, жолаушыларды отырғызуға, түсіруге тыйым салынады. Әлем мен Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы Асылбек Даниярдың материалында.

COVID-19 жұқтырғандары саны бойынша Павлодар облысы "қызыл" аймаққа кірді. Мұнда өткен тәулікте кесел 60 адамнан табылды. Ертіс өңіріне бүгіннен бастап 12 блок-бекет қойылды.  Алғашқы алты сағаттың ішінде облыс аумағына мыңнан астам көлік кіріп-шыққан.

Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Өту үшін бізде жұмыс істейтін құжаттары болу керек және дәрігерге қаралу құжаттары. Енді шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар, олар өтетін болады оңай. Транзитке қарайтын болсақ, біздің облыс бойынша өтетін транзиттік көліктерге тыйым салмаймыз.

БЛИЦ:

- Жылдам өтіп жатыр бәрі.
- Көңіліңіз толады ма?
- Толады. Енді заңды орындау керек. Бетперде кию керек. Жаңа таңертең өткенде тоже жақсы өттік.


Ал, Батыс Қазақстанда ертеңнен бастап, 23 қарашаға дейін шектеу шаралары күшейтіледі. Аймақтың бас мемлекеттік санитарының қаулысына сәйкес Орал қаласы мен облыс аудандарының кіре берістеріне бекеттер орнатылады. Бұл блок бекеттері демалыс күндері ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, түнгі сағат он бірден кейін көшеге шығуға болмайды. Дегенмен шектеу шараларының режимі мен уақыты өңірдегі COVID-19-дің таралуына байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл орайда тұрғындардың да пікірі екіге бөлінді.

БЛИЦ:

- Карантин жақсы, барлығы маскамен жүруі керек. Оған қосыламыз карантинге, қарсылығымыз жоқ. Әркімнің өзінің денсаулығы үшін, халықтың саулығы үшін.

-  Бізге вапше қолайсыз, мына екі ортаға блок посттар қойып жатыр жаңағы. Қарым-қатынас ауылдық жерлерде өте қиын. Өзіміздің әке-шешеміз ауылда тұрады. Барып кетеміз. Жалпы енді сақтанған жөн ғой.


Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 51 миллионға таяды. Ал, Қазақстанда өткен тәулікте 600-ден астам адамның ауырғаны белгілі болды. Жалпы, Республика бойынша науқастардың саны 117 мыңға жетті. Қайтыс болғандар: 1900-ге жуық. Өкінішке орай, соңғы күндері індет құрбандарының саны көбейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 190 адам осы күнде хәл үстінде жатыр.

А. Данияр