$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Ақтөбенің іргесіндегі елді-мекенге жол салу жоспарда жоқ

AstanaTV
10.11.2020ж. 20:00
3300
Ақтөбенің іргесіндегі елді-мекенге жол салу жоспарда жоқ

Ақтөбенің іргесіндегі "Келешек" елді-мекенінің тұрғындары қалаға жаяу қатынап жүр. Өйткені қоғамдық көлік оларға мүлде келмейді. Автобус жүру үшін, жол болуы керек. Ал, жол салу жергілікті атқамінерлердің жоспарында да жоқ. Жолды қысқарту үшін өзен үстімен жаяу жүретін тұрғындар, мәселені шешетін бірде-бір шенеунік табылмай отырғанына күйінеді.

Қаланың іргесіндегі "Келешек" бір кезде саяжай болған. Соңғы 10 жылдан бері, жергілікті билік  үй салуға рұқсат беріп, жер бөле бастады. Қазір шашамен үш мыңға жуық түтін бар. Бұқара қысы -жазы "Қарғалы" өзенімен қалаға қатынап жүр.

Ақмейіз ЫҚСАНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мына "Қарғалыға" балаларымызбен суға кетпейік. Біздерге көмектессін. Бәрі де: акимат, ЖКХ. Мына 3 км жолды салып, асфальт төсеп автобус жіберсе. Мұнда 40 жылдан бері тұратын кісілер бар.
 

Бұқара жолды қасқарту үшін өзен үстімен өтеді. Қыста мұз кешіп, ал жазда балалар жасаған ағаш көпірді пайдалануға мәжбүр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Бұл қолдан жасалған көпір "Келешек" елдімекені тұрғындарының қатынас көзі. Халық қысы-жазы жандарын шүберекке түйіп осы қолдан жасалған көпір арқылы арғы бетке өтеді.

Гүлнәр ГҰМАРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңбыр болсын, боран болсын жаяу жүреміз. Балалар жасаған ағаш көпіріміз бар сонымен жүреміз. Мұз қатқанда мұздың үстімен жүреміз. Мен өлшедім 35 метр мұздың үстімен Қонаев көшесіне  шығамыз. Немерелер бар: футболға, биге, тенниске, мектепке апару керек.

Мәселеден әкімдіктегілер хабардар. Жол болмағандықтан бағыттағы автобустарды "Келешекке" бұра алмай отырғандарын мойындайды.

Жайық ҚОДАШ, АҚТӨБЕ қ. ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ  БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:


Үлкен сыйымдылықты - ЖАК маркалі автобустарға жүруге ыңғайсыз. Жол салынғаннан кейін жаңағы магистралды жолдармен автобустар жібереміз. Сол себепті 19 бағыт және 23 бағыттағы автобустардың қозғалыс сызбасын өзгерту жұмыстары қаралатын болады. Бірақ та асфальт жабындысы төселгеннен кейін.

Бірақ бұл жаққа тас жолдың қашан төселетіні шенеуніктерге де беймәлім. Өйткені олар "Келешекке" жол салу жоспарға да кірмегенін айтты. Амалы таусылған тұрғындар енді қол жинап, ел астанасына арыз жолдамақшы.

Б. Рахметова