Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Министр Сұлтанов Мәжіліске жаңа "ескі" заң жобасымен келді

AstanaTV
11.11.2020ж. 20:00
1533
Министр Сұлтанов Мәжіліске жаңа "ескі" заң жобасымен келді

Қауіпті өнімдерді анықтап, талдау жасайтын арнайы институт енгізілмек. Осылайша сертификатталмаған өнім жүгенделеді. Мұны, Сауда және интеграция министрілігі ұсынып отыр. Жаңа заң жобасы Парламенттің төменгі палатасына ұсынылды. Құжатқа сәйкес, өндіруші мен сатушы емес, өнімнің өзі тексерілмек. Бұған, депутаттар қарсы шықты. Айтуларынша, "Кодексте жаңашылдық ештеңе жоқ".

Мәжілістің бүгінгі отырысы тартысқа толы болды. Депутаттар бір-біріне ғана емес министрлікке де шүйлікті. Әсіресе Азат Перуашев. Депутаттың айтуынша, Сауда және интеграция министрілігі бүгін, көшірілген заңды таныстырыпты. Бұл мәселе 8 жыл бұрын көтерілген екен.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Бұл мәселедегі заңнамалық жаңалық – субъектілердің бақылауынан объектілердің бақылауына көшу. Яғни, өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексерілетін болады. Ол үшін зертханаларда сынақ жүргізу үшін адам өміріне қауіпті өнім үлгілерін сатып алу рәсімдері енгізіледі.


Министрдің сөзіне сенсек, бұл жаппай бақылауды білдірмейді. Тауарлар ақпараттық базада, онлайн режимде қадағаланады. Ал тексеріс тек "анықтау – сынау – нарықтан алу" жүйесі бойынша жүзеге асады. Осы ретте министрді ақжолдықтар тағы "жерден алып жерге салды". "Немқұрайлық танытты", деп айыптады.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АҚ ЖОЛ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Министрлік тұтас бір парламенттік фракцияның пікірімен санаспай отыр. Біз жұмыс тобы болып, комитет болып жұмыс істегендерін түсініп отырмыз. Дегенмен, бұл заң жобасын біз қолдай алмаймыз.

Сөйте тұра, Бақыт Сұлтанов ұсынған жоба бірінші оқылымда депутаттардың "оң батасын" алды. Ал, айтылған ескертулер келесі оқылымға дейін түзетілетін болды.

Ғ.Өтемісов