Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодарда жеке меншік үйлердің жертөлесі суға толып кетті

AstanaTV
11.11.2020ж. 20:00
2638
Павлодарда жеке меншік үйлердің жертөлесі суға толып кетті

Павлодарда жеке меншік үйлердің жертөлесі суға толып кетті. Бұл биыл ғана көтерілген мәселе емес. Тұрғындардың шу шығарып, әкімдікті жағалап жүргеніне 10 жылға жуықтады. Нәтиже әлі күнге жоқ. Судан әбден мезі болған тұрғындар қайда барарын білмей дал болды. Елдің мұң-мұқтажын тілшіміз тыңдап келді.

Геннадий ПУХА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, жертөле. 5-6 жыл болды жылда осылай жер асты суы көтеріліп кетеді. Судың тереңдігі 1 метрден асады. Қараңыз! Осының кесірінен үйіміз, гараж бәрі отырып кетті. Былайша айтқанда, судың үстінде тұрып жатырмыз.

Бұл 2-ші Павлодар шағын ауданындағы бір ғана үйдегі көрініс. Жерасты суы көтеріліп, жертөлелер мен едендер суға толған. Жыл сайын қайталанатын көріністен тұрғындар әбден мезі болғандарын айтады.

Елубай СҮЛЕЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ал енді бізде істеп жүрген откачкамыз машина жібермейміз енді деп, сүй - деп жатыр. Сол откачканы жасамаса біз боқ пен сідікпен мына даладан келген судың үстінде отыруымыз керек па? Осыны ойлау керек жоғары жақтағы бастықтар.

Жергілікті билікке халықтың өкпесі қара қазандай. Өйткені, бұл проблеманы айтып олар, әкімдік табалдырығын әбден тоздырған. 10 жыл өтті. Талай әкім ауысты. Ал, мәселе сол беті шешімін таппады.

Валентина ИЛОНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Осы судың кесірінен үйлеріміз дымқыл тартып тұратын болды. Үйде небір жәндіктер қаптап жүр. Бұл біздің денсаулығымызға зиянын тигізіп жатыр. COVID-тен де қауіпті болатын секілді. Енді не істерімізді білмейміз.

Ал, әкімдік болса бұл көше проблемасынан бейхабар болып шықты. Жер асты суы көтерілген басқа көшелерге су сору құрылғылары орнатылыпты. Ал, мына көше ол тізімге кірмей қалған. Өйткені, бұрын арыз-шағым болмаған...

Салтанат ӘКІМБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Павлодар қаласының әкімдігіне Архангельская және Таллинская көшелерінің тұрғындарынан жер асты суының көтерілгендігі туралы шағым түсті. Бұл шағым бойынша арнайы комиссия зерттеу жүргізіп, бұл көшелерді су басу қаупі бар үйлер картасына енгізу туралы сұрақты қарайтын болады. Соған сәйкес су сорғызу жұмыстары да жүргізіледі.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Мәселені шешу мақсатында Павлодар әкімдігі шағын ауданға кәріз жүйесін тартқан. Алайда, 520 млн теңге жұмсалған құбыр сынақтан өтпей жатып, жарылып қалды. Ол, қашан қалпына келтіріледі? Бұл сұраққа атқамінерлерден әзірге жауап жоқ!

Ө. Қуанар