Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / «Nur Otan» партиясының аймақтық филиалдарында кезектен тыс конференция өтті

«Nur Otan» партиясының аймақтық филиалдарында кезектен тыс конференция өтті

Өңірлерде «Nur Otan» партиясының аймақтық конференциясы жалғасуда. Бүгін Алматы, Павлодар, Орал, Ақтөбе және Түркістан облысында праймериз-кандидаттары тағы бір рет іріктелді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан кандидаттар қандай тың ұсыныстарымен ерекшеленді? Аршын Кемелжан саралап көрді.

Алматыда Парламент Мәжілісіне үміткер 13 адамның жетеуі келесі кезеңге жолдама алды. Олардың есімі қалалық конференцияда белгілі болды. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалындағы іріктеуде жүзден аса делегат дауыс берді. Үздік шыққан үміткерлер қарашаның соңында болатын ХХ-шы съезіне қатысады. Мәжіліске жолдама ала алмаған 6 кандидат қалалық мәслихаттың тізіміне енді.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, АЛМАТЫ Қ. ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ Н.НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Нұр Отан партиясына осындай мүмкіндік бергеніне рахмет айтқым келеді. Өйткені, праймеризде біз жалпы өзіміздің азаматтық белсенділігімізді сонымен қатар осы қоғамда өте өзекті, түйткілді, шешілмеген мәселелерге өзіміздің ұсынысымызды айтып, халықтың қолдауына ие болдық.

Станислав КАНКУРОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Алматы қаласы бойынша партиялық тізімге 78 адам ішінде 35 пайыз әйелдер, 20 пайыз жастар, тізімге 3 көпбалалы аналар, 3 қандастар және бір қажеттілігі бар адам енді.

Павлодарлық партияластар да "Nur Otan" партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конференциясын өткерді. Онда қалалық мәслихатқа кандидаттар тізімін бекіту және облыстық конференцияға қатысатын делегаттар ұсынылды. Шараға 106 делегат қатысты. Конференция барысында кандидаттар сайлауалды бағдарламасын ұсынып, өзара пікір сайысқа түсті.

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жолы құрамымыз 55 пайызға жаңарды. 6-шы шақырылымдағы депутаттық корпусқа партиялық тізімнен кандидаттардың 40 пайызы енді.  Бұл жаңа есімдер мәслихаттың жаңаша жұмыс істеуіне қз септігін тигізеді - деп ойлаймын.  Үміткерлердің 20 пайызы жастар.

Батыс Қазақстан облысында да саясатта жастар бой көрсетті. Бұрын партиялықтардың орташа жасы 52-53 жас болатын. Қазір бұл көрсеткіш он жылға жасарған. Қыз-келіншектер де ерекше белсенділік танытуда. Мысалы, партияның облыстық конференциясына делегат болған 306 адамның 37 пайызы нәзік жандылар.

Мұрат МҰҚАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

1100-дің үстінде аманат келіп түсті. Дәлірек айтсақ, 1136 аманат. Соның ішіндегі 78 пайызы біздің сайлауалды бағдарламаның ішінде бұрыннан. Ал қалған жаңағы 22 пайызбен біз жұмыстанып, соның 10 пайызы, жүзге жуық аманат осы сайлауалды бағдарламаға енгізіледі.

«Nur Otan» партиясының Ақтөбе қалалық филиалы бүгін қалалық мәслихатқа сайланатын кандидаттарды іріктеді. Жалпы, екінші кезеңдегі сайысқа 34 адам қатысты. Пікір сайыста: білім беру, кәсіпкерлікті дамыту және жастарға әлеуметтік қолдау көрсету сияқты мәселелер көтерілді.

Асхат ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ол ең бастысы ашықтық. Әр партиядағы үміткер болашақта депутат боламын деген өз сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, өздері қалай шешеміз деген ойларымен келіп отыр. Ол да бір жақсы серпіліс.

Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс конференциясында праймеризден оза шапқандар іріктелді. Сөзжарыс кезінде жеті кандидат топ жарды. Олар облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде партиялық тізімге алынды. Партияның мәліметінше, Түркістан қаласындағы депутаттық корпус 60-70 пайызға жаңаруы тиіс.

А. Кемелжан, Ө. Қуанар, Е. Карин, Б. Рахметова, А. Төребекқызы