Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Бай-бағландар салықты көбірек төлеуі мүмкін

AstanaTV
12.11.2020ж. 20:00
2072
Бай-бағландар салықты көбірек төлеуі мүмкін

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алғандарға табыс салығын зейнетке шыққаннан кейін төлеуге рұқсат етіледі. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін сенат отырысында осылай деді. Есесіне, байларға батпан жүк түсейін деп тұрған сыңайлы. Бас экономист жақында қалталы азаматтар көп мөлшерде салық төлейтінін айтты. Сенат жаңадан ұсынылған Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізіп, құжатты Мәжіліске кері қайтарды. Толығырақ Айя Мүтәлі тарқатады.

"Зейнетақы қорындағы қаржыны алатын болдық" деп сүйіншілегенімізге де біраз болды. Екі айдан кейін қолданысқа енетін жүйенің өзі, әлі бірізге түспеді. Парламентте талқыланып жатыр. Бүгін сенаторлар онсыз да көңілі алаң жұртқа одан сайын салмақ салмау жағын қарастырды. Қордағы қаржыны алатын кезде төленетін табыс салығын, зейнетке шыққаннан кейін төлеу қажет дегенді ұсынды.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Зейнетақы жинақтарындағы қаражаттың бір бөлігі мерзімінен бұрын шешіп алынған жағдайда, оның 10 пайызы салық ретінде ұсталады. Заң жобасында 10 пайызды бірден емес, 16 жыл ішінде бөліп төлеу туралы ережені енгізілмек.

Ал азаматтығын ауыстырғысы келгендер салықты бірден және толық өтеуге міндеттелмек. Мұндай жаңашылдыққа экономисттер қарсы. Сапарбай Жұмабайдың пікірінше бұдан халық ұтылмаса, ұтпайды.

Сапарбай ЖҰМАБАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Анау 700 мың адам алады деп жатыр ғой. 700 мың барлығыныкі емес. Оны алатындар көп болса, 100 мың болады. Сол 100 мың өте дәулетті адамдар қазір соның салығынан да қашуға әрекет жасап жатыр. Ал ол үлкен ақшаны алып жатқан кезде, сендер неге төлемейсіңдер, қалайша оны кейін төлейсіңдер? Кейін оны төлеу қайта қиын болады.

Бұдан өзге сенатта бай мен кедей арасындағы теңдіктің алшақтығы сөз болды. Қазір елде табыс салығы бәріне бірде, яғни 10 пайыздан төлейді. Бірақ, соның бірі жалақыға қарап отырса, екіншісі аста-төк байлығымен мақтанып, жұртпен жарысып жүр. Қысқасы, сенаторлар ауқаттылар салықты көбірек төлесін деді.

 Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл жерде яхталар, ұшақтар, элиталық жылжымайтын мүліктер, қымбат көліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән-салтанатқа салық салу туралы сөз болып отыр.

Салықтың мұндай түрін енгізу туралы бастама парламент қабырғасында бұған дейін де көтерілген. Бірақ осы уақытқа дейін еш нәтиже шықпады. Десе де, министр бұл жолғы Салық кодексіне ішінера енгізіпті.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:


Мұнда екі бағыт бар: мүліктің бағасына қарай жоғары салық салу және тапқан табысқа салық салу. Бірақ төмендетілген мөлшерлеме де бар. Мәселен, кірісі 70 мың теңгеден аспайтын азаматтарға төмен салық салынады. Мүліктің құны жоғары болған сайын, оған салынатын салық та көбейе түседі.


Ал экономист бұл жаңашылдық жақынарада енгізілетіне күмәнмен қарайды. Өйткені, қомақты салық негізінен шенеуніктердің өзіне таяқ болып тиетіні ешкімге жасырын емес деді.

Сапарбай ЖҰМАБАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Депутаттар, министрлер, жаңағы квазимемлекеттік бастықтары дейміз ба, жаңағы салық қызметшілері осы ұсынысты талқылайтындар бұлар көп айлық алатын адамдар еді өздері. Енді өздері депутат болғаннан кейін, министр болғанда айлықтары көп қой. Солар айлықтың 10 пайызынаның орнына, 15 пайыз беруге оншалықты ықыласы болмастан кейінге ысырып келе берді.

Сайып келгенде, Салық кодексін сенаторлар қабылдамай, Мәжіліске қайта қарауға жіберді.

А. Мүтәлі