$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанайда бірнеше кәсіпорын жұмысшылар жалақысын төлей алмай отыр

AstanaTV
12.11.2020ж. 20:00
1857
Қостанайда бірнеше кәсіпорын жұмысшылар жалақысын төлей алмай отыр

Жоғарғы палата депутаттары, "Байларға салық салайық", деп жатқан шақта қостанайлық кәсіпкерлер жұмысшылар жалақысын төлей алмай дал болып жүр. Бизнесмендердің өзгеде берешегі бастан асып жатыр екен. Еңбекақысын екі ай бойы ала алмай жүрген ағайын, аймақтағы Еңбек инспекциясына "шырылдап" барған. Тығырықтан шығудың қандай амалы бар? Заңғар Санай саралап көрді.

Қақаған аязда қар тазартып, шыжғырған жазда шаң жұтып жүрген жұмысшылардың жалақы алмағанына екі айдан асты. Өйткені, кәсіпорынның есеп шотын мемлекеттік кіріс басқармасы бұғаттап тастаған. Салық органдарынан шыққан таяқтың бір ұшы, қара халыққа оңбай тиді.

Галина ДЕЙБЕЛЬТ, ЖҰМЫСШЫ:

Барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Несиелері бар. Қиналғанымызға екі айдан асты.

Татьяна ЛЕБЕДЕВА, ЖҰМЫСШЫ:

Өткен айда аванс берді. Ал қазанның еңбекақысы жайлы хабар жоқ. Осы аптаның соңына қарай береміз дейді. Бірақ құдай біледі қашан беретінін.


Еңбек инспекциясының айтуынша, «Мақсат» серіктестігі жалақыға 15 млн теңге қарыз болып қалған. Анық-қанығын білеу мақсатында кеңсеге соқтық. Алайда, мәселенің мәнісін түсіндірудің орнына басшылық ат тонын ала қашты. "Эфирге шықса, сотқа береміз", деп қорқытты.

Ал, заңгерлері бүгін сұхбат беруі тиіс еді. Ақыры ол да болмады. Негізі Қостанайда, қарызға белшесінен батқан бірнеше кәсіпорын бар. Олар, 350-ге жуық жұмысшыға жалақы төлей алмай отыр. Еңбекақы берешегінің жалпы сомасы 70 млн теңгеден асады. Қарыздан құлағы көрінбей қалған екі кәсіпорын жақында "банкрот" болып танылды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:


Пандемия кесірінен тығырыққа тірелген кәсіпорындар да бар. Банкротқа ұшыраған компаниялардың қазір дүние –мүлкі аукцион арқылы сатылып жатыр. Түскен қаражат есебінен әуелі жұмысшылардың айлығы төленеді.

Ержан ТОҚТАҒҰЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Әрбір кәсіпорын бойынша жоспар бар. Сол жоспар бойынша жылдың соңына дейін жаңағы берешектің барлығын төлеуге белгілі ұйымдармен жұмыс атқарылып жатыр. Кәсіпорындар бойынша бірнеше  тексерулер жүргізілген, тексерулер нәтижесі бойынша  жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке  тартылған болатын.

Еңбек инспекциясы деректеріне сенсек өткен жылы аймақта, айлық төлей алмаған бір кәсіпорын болмапты. Биыл бірден бес компания тіркеліп отыр. Осылайша Қостанай облысы берешегі бар аймақтар бойынша, елімізде екінші орынға бірақ шықты.

З. Санай