Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Оралдықтар жаңа үйдің сапасыз салынғанына наразы

AstanaTV
19.09.2017ж. 20:00
2162
Оралдықтар жаңа үйдің сапасыз салынғанына наразы

Орал қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары қоныс тойын тойлап үлгірмей жатып, бастары қатты. Мұнда ыстық су тәуліктің белгілі бір уақытында ғана беріледі. Бұдан бөлек, тоғыз қабатты үйдің лифті істемейтіні өз алдына, есік-терезелерінен де жел гулеп тұр. Амалы таусылған тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Еркін Карин, тілші:

Даулы мына үй былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген. Мұнда мүгедектер мен жетім-жесірлер, бюджеттік сала қызметкерлері қоныстанған. Айтуларынша, үйдің кілтін желтоқсанда алған. Бірақ наурызда ғана көшіп келіпті. Өйткені баспананың құжаттары сол кезде ғана дайын болған.

Жоғары қабатты тұратындар үшін пәтерге кіріп-шығу мұң болып тұр. Лифт істемейді. Әсіресе қариялар мен мүгедектерге қиын. Пәтерлердің есік-терезесінен жел гулегені аздай, балконға салынған әйнектердің жігі ажырап кеткен. Тұрғындар бұл шыны қаптама жерге құлап, біреудің төбесіне түсе ме деп қауіптенеді.

Тұрғындар суды қолдан ысытады. Өйткені ыстық су күніне бір рет қана беріледі. Пәтер ішіндегі сыздықтап су аққан құбырларды кейбір үй иелері өздері жөндеп алған.

Гүлнар Төлебаева, Орал қаласының тұрғыны:

Ыстық су  кешкі сағат жетіден түнгі он бірге дейін ғана беріледі. Қазір күн суыта бастады. Терезені жапсақ та, тесігінен жел соғады. Мұны кім істеп беретіні белгісіз. Үйді салғандар да, басқалары да бәрін түзейміз деп, уәдеге тойғызып бітті.

Ал пәтер иелері кооперативі төрағасы ыстық судың мәселесі ай соңына қарай шешілетінін жеткізді. Өйткені сол кезде ғана жылыту қазандығы "ЖайыкЖылуҚуат" мекемесінің балансына беріледі екен.

Нұрлыбек Мұқатаев, ПИК төрағасы:

Пайдалануға берілген кезде үйдің ақауы болды. Әкімдік бұл туралы біледі. Өйткені үйдің екі жылға дейін кепілдігі бар. Барлық кемшіліктер осы кепілдікпен жөнделеді. Лифті де, ыстық су да, басқа мәселелер де  уақытымен шешіледі.

Миржан Нұртазиев, Орал қалалық ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Аталған кемшіліктердің ішінде - балкондарды түзету, авариялық люктер, үйдің жанындағы отырған асфальт жабындыларын жөндеу бойынша жұмыстар басталып кетті. Мердігер мекемеге қыркүйек айының соңына дейін барлығын қалпына келтіресіз деп шарт қойылған.

Еркін Карин, тілші:

Тұрғындар үйдің сапасы бағасына сай болмағанына наразы. Өйткені мұндағы үш бөлмелі пәтердің бағасы 17 миллион теңгеге дейін барады. Бірақ  баспананың жағдайы ортанқол жатақханамен бірдей, дейді олар.

Еркін КАРИН