Қызылжарда апатты үйдің тұрғындары құрылыс алаңында шу шығарды. Бір ғасыр бұрын тұрғызылған баспананың қасынан жылу магистралі тартылып жатыр. Жердің дірілдеуінен тозығы жеткен үйдің қабырғалары қақырай бастаған. Енді тұрғындар биліктен көмек сұрап отыр.
Алтынсарин көшесіндегі 221-үй 1913 жылы бой көтерген. Қабырғалары онсыз да қаусағалы тұрған үйдің дәл қасынан құрылыс жұмыстары басталды. Жердің үстімен өтіп жатқан негізгі жылу магистралі жаңа құбырларға алмастырылып, енді жер астынан жүргізілмек. Қазу жұмыстары барысында жердің дірілдеуінен баспанасы шатқаяқтай бастағанға жұрт үрейленіп отыр.
Тұрғын үй 2010 жылы апатты деп танылған. 10 пәтерде тұратын отбасылардың төртеуіне жаңа баспана берілген. Ал өзгелеріне әлі кезек жетпеген көрінеді. Үйіміз үйіндіге айнала ма деп қорыққан халық өздерін жедел түрде қауіспіз жерге көшіруді талап етуде.
Наталья Белова, Петропавл қаласының тұрғыны:
Түнде ұйықтау мүмкін емес. Майысып сықырлаған ағаштардың дауысынан шошып оянамыз. Қала әкімінің орынбасарынан уақытша пана сұрадым. Бірақ, баспана жоқ деп айтты. Егер үйіміз құрылыс жұмыстарына шыдаса, біз осында қайтып келеміз.
Құрылысшылар жылу магистралі бойындағы үйлердің төңірегінде жуан темір құбырлар қағып жатыр. Бұл баспана іргетасының қақ бөлінуіне жол бермейді, дейді мердігерлер.
Исламутдин Макаев, мердігерлік компанияның директоры:
Бағаналардың тереңдігі 4 метр. Қазба жұмыстары кезінде ол тағы 3 метрге ұзарады. Аралары 90 сантиметрден. Бұл жердің құлап кетпеуіне мүмкіндік береді. Сәйкесінше, үйлердің іргетасы да орнында қалады.
Әкімдік өкілдері тығырықтан шығар жолды тапқан сыңайлы. Құлағалы тұрған үйді сырып тастап, 6 пәтер иесін жаңа баспанамен қамтимыз деп уәде етті.
Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
Қазанның онына дейін тұрғындарды жатақханаға орналастырамыз. Ал оған дейін құжат рәсімдеу мәселесін шешумен айналысамыз. Кейін тұрғындарға қазіргі үйлерінің аумағына тең жаңа пәтерлер беріледі. Және баспанасы олардың жеке меншігіне өтеді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Сөйтіп, дабыл қаққан бұқара ақыры жаңа қонысқа қол жеткізген көрінеді. Ал құрылысшылар енді дереу жұмысты жандандырып, нысанды айдың соңына дейін тапсыруы тиіс. Себебі қаладағы жылу жүйелерінің күре тамыры болып саналатын мына аралық жөнделмесе, онда жылыту маусымы дер кезінде басталмауы мүмкін.
А.ҚҰРМАНКИН