Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыс ардагері үш баласымен баспанасыз жүр. Ол, аздай ардагер тиісті зейнетақысын дұрыс ала алмай 3 жыл жүрген. Мұның бәрі, Алматыдағы Алатау ауданы шенеуніктерінің салғырттығынан. Өйткені, Айдар Серкебаев, ардагерлер тізімінен табылмаған. Сол беті белгісіз болып қалуы да мүмкін еді. Егер, майдандас достары іздеп келмегенде. Бірінші топтағы мүгедек-ардагердің мұң-мұқтажымен Аршын Кемелжан танысты.
Неше жыл арбаға танулы отырған Айдар Серкебаев бүгін бірінші рет көңілді. Майдандас достары іздеп келіпті. Құр қол емес. "Қазақ Батыры", төс белгісін ала келген. Бірақ оны ардагер, әскери дәстүрмен тік тұрып ала алмады. Айдар Серкебаев арбаға танылған, бірінші топтағы мүгедек. Кәмелеттік жасқа толмаған үш баласымен бірге ол, туысының босағасын жағалап жүр.
Ержан ТӘШІМОВ, "ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осындай үйде тұрып жатыр, жағдай мүлдем жоқ десек те болады. дәретханаға шыға алмайды, балалары кішкентай. Үйлеріне өздері от жағады, үйлері суық. Жергілікті әкімдікке шықтық, соларға көмек берсін, деп айтып жатырмыз.
Құрдастарының әкімдікке шығатын жөні бар. Өйткені, Айдар Серкебаев өзінің "ардагер" екенін дәлелдей алмай талай жүрген. Үш жылға созылған құжат жыры, өткен айда ғана реттеліп болыпты.
Дәлелхан СҰЛТАНОВ, ӨЖЕТ ЫҚШАМ АУДАНЫ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН ӨЗІ БАСҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мен осы жерге келгелі бері бір жарым жыл болды. Бір жарым жылдан бері қарай бұл жігіттің біз ондай ардагер екенін білген жоқпыз. Бірақ мүгедек, мамасы да тірі еді.
Өткен жылы ардагер анасынан да жарынан да айырылған. Содан бері Айдар Серкебаевтың жағдайы қиындай түсті. Ауыртпалықтың бәрі кәмелеттік жасқа толмаған үш баланың мойнына артылды. Ал, зейнетақыға қосылған ардагерлік 13 мың теңге, "жыртыққа жамау" бола алмады. Күнделікті дәрі-дәрмек, азық-түлік - күйбің тірлік. "Баспаналы болуы", дегенді ардагер армандауға да қорқады.
Айдар СЕРКЕБАЕВ, ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС АРДАГЕРІ:
Өзімнің үйім жоқ. Маған осы пәтер жағы болса, балалар қиналды, далаға дәретке шығарады. Мені ары бері сүйреген қиын. Баспалдақтан түсіргенде қорқамын құлатып ала ма, деп. Тамақты кіші ұлым істейді, ыдыс аяқ жуады. Кезекпен пеш жағады.
Ал, аудан басшылығы қолынан келгенше көмек көрсетіліп жатқанын алға тартады. Әлеуметтік төлемдердің тағайындалғанын және үйдің жақында көгілдір отынға қосылатынын айтады.
Дәлелхан СҰЛТАНОВ, ӨЖЕТ ЫҚШАМ АУДАНЫ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН ӨЗІ БАСҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Газ тартып жатырмыз, тегін. Енді пеші ғана қалды, пешін салсақ үй жылы болады, деп ойлаймын. Енді басқа да әкімшілік жағынан азық-түлікпен көмек беріп жатырмыз.
Қол-аяғы қозғалмай қалған Айдар Серкебаев болашаққа үлкен үміт артады. Бірақ ол, әкім қараға емес өзінің үш баласына сенеді. Ардагердің бар арманы соларды өсіріп жеткізу.
А. Кемелжан