Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстанда мыңнан астам бала коронавирус жұқтырған

AstanaTV
17.11.2020ж. 20:00
2096
Қазақстанда мыңнан астам бала коронавирус жұқтырған

Биыл мектеп оқушылары жаңа жылды тойламайды. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы айтты. Себеп: коронавирус бойынша жағдай әлі де тұрақсыз. Оның үстіне балалар арасында да індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Соған қарамастан екінші тоқсанда 5-ші сынып оқушылары да кезекші сыныпқа орала бастады. Білім ордалары "бір оқушы, бір мұғалім" қағидасын қалай сақтамақ? Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Қазақстанда Оқу жылы басталғалы 1 мың 042 оқушы COVID-19-ға шалдыққан. Оның 302-сі – кезекші сыныптарда оқыса, қалғаны қашықтан білім алады. Өкінішке қарай, сабақ беретін 241 мұғалімнің қытайлық індетті жұқтырыпты. Бірақ олардың қалай жұқтырғанын денсаулық сақтау министрлігі де білмейді. Бұл аз болғандай екінші тоқсанның бірінші күнінде 55 баладан коронавирус табылып отыр.    

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Кеше Нұр-Сұлтанда бір мектеп карантинге жабылды. Екінші тоқсан енді ғана басталғанын білесіздер. Кешегі күннің ішінде 55 баланың вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың 14-і онлайн білім алған, ал 41 оқушы қашықтан оқыған. Бүгінде ауруханаларда 456 бала ем алып жатыр. Оның біреуі өкпесі қабынған оқушы.

Бірақ министрлік "Эпидемиологиялық ахуал тұрақты" деп бағалайды. Олар 1-ден 5-ке дейінгі кезекші сыныптарды ашуға рұқсат берді. Тек бала санын 300-ден асырмау керектігін ескертті. Дегенмен бастауыштағылар сабақты "бір сынып, бір мұғалім" қағидасымен жүргізетін еді. Ал, 5-сыныптағылар қалай оқиды? Бұған да тиянақты жауап болмады.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бірінші-төртінші сыныптағыларға тек бір мұғалім сабақ береді. Шын мәнінде бесінші сыныпқа көп мұғалім кіреді. Айта кетейін бұл процесс тек ата-аналардың өтінішімен жүзеге асырылады. Біз күн сайын жағдайды бақылауда ұстаймыз. Егер ахуал нашарласа оқу форматын өзгертуіміз мүмкін. Өйткені, балалардың қауіпсіздігі бірінші орында.

Солтүстік Қазақстан облысында кезекші сыныптар бұрынғыша, яғни бастауыш сыныптар ғана оқиды. Қауіпті "Қызыл аймаққа" енген Қызылжар өңірі кеше ел Президентінің сынына ұшыраған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, көптеген аймақтармен теріскейде де коронавирусқа шалдыққан науқастардың нақты санын жасырып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде індеттің белгілері бес мыңнан астам адамнан анықталған.

Әсет ЖҰМАТАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жаңадан шыққан коронавирус инфекциясының көп тіркелуін байқап отырмыз. Статистикалық есептер бойынша көрсеткіштердің әртүрлі болуы байқалады. Осыған орай президенттің тапсырмасы бойынша статистикалық медициналық факторларды дұрыстау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Коронавирус ушығып тұрған Шығыс Қазақстанда дау шықты. Пойыз жолаушылары вагондарда "ПТР-сіз" жүрген саудагерлердің жұмысына шағымданды. Жағдай Семей - Нұр-Сұлтан бағытындағы пойызда болған.

Сәдуақас БАЙҒАБҰЛОВ, ҚР ДСМ КӨЛІКТЕГІ БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕР:

Пойызда жабайы сауданы жүзеге асыратын бұл адамдарда ПТР туралы анықтама болмаған. Сонымен бірге, шектеу шараларын ескере отырып мұндай жұмыстарға тыйым салынған.
Қазіргі таңда құқық бұзушылық фактілері бойынша пойыз бастығы мен вагон жолсерігіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданатын болады.


Өткен тәулікте республика бойынша коронавирус 600-ден астам адамнан табылды. Осылайша жалпы науқастар саны 121 мыңнан асты. Індет құрбандары -1952.

А. Данияр, А. Құрманкин