Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Түркістанда құрылысы былтыр біткен көпқабатты үйлер әлі халық игілігіне берілмеді

AstanaTV
19.11.2020ж. 20:00
2757
Түркістанда құрылысы былтыр біткен көпқабатты үйлер әлі халық игілігіне берілмеді

Түркістанда құрылысы былтыр аяқталған көпқабатты үйлер, әлі күнге қолданысқа берілмей тұр. Бір қызығы бұл баспаналар өткен желтоқсан айында мемлекетік қабылдаудан өтіп, тіпті мердігерлерге ақшасы аударылып та қойыпты. Ал кезегі келгендер күн санап жүр. Бітпеген жұмысты қабылдап алған кім? Оған қандай шара қолданылды? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтап білді.

Жеті баланың анасы Салтанат Жүзжасарова мына шағын баспананы жалдап тұрады. Жеті жылдағы жетінші қонысым деді. Іздеп жүріп әзер тапқан тәуір баспанасының іші, салқын. Едені сыз. Жалғызбасты ана бес жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған. Бірақ әлі күнге басыбайлы баспана бұйырар емес дейді.  
 
Салтанат ЖҮЗЖАСАРОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйімізді ертерек алғымыз келеді. Міне балаларымыз полы жоқ үйде отырмыз, осының өзін 65 мыңға жалдап отырмын. АСП аламын. АСП ол менің үш айда бір рет аламын. Ол жетпейді менің жеті бала-шағама киімі бар, тамағы бар дегендей, ол кісілердің де балаларымның тамағы өскен сайын тамақ та өседі екен, маған жеткізу қиын.

Түркістанда Салтанат секілді  баспанаға зәру отбасы аз емес. 11 мың 700 адам мұқтаж, кезекте тұр. 540 жанұя былтыр жаңа қонысқа жайғасуы тиіс болған, бірақ жоспар орындалмады.
Киелі шаһарда құрылыс қарқынды. Біткен тұрғын үйлер де жоқ емес.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көпқабатты мына тұрғын үйлердің құрылысы былтыр аяқталған екен. Тіпті өткен желтоқсанда мемлекеттік қабылдаудан өтіп те қойыпты. Бірақ байқап тұрғанымыздай әлі күнге мұндағы тоғыз үй қаңырап бос тұр.

Расында, биыл Түркістанда кезегін күткен мұқтаждарға бір де бір пәтер берілмепті. Тұрғын үй инспекциясы мұны растады. Өйткені жаңа үйлер сапасыз салынған деді.

Әбутәліп АСАНОВ, ТҮРКІСТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:


Ертең тұрғындарға берген күнде де ол ақауларды орнына келтіру керек қой, сондықтан барлығының ақаулары орнына келгесін пайдалануға береміз деп отырмыз. -Не ақау? -Ол жерде мысалы терезелері дұрыс жабылмаған, кафельдері дұрыс қойылмаған, мынау не дейді , сантехникалық узелдар дұрыс орнатылмаған, жалғанбаған деген сияқты.

Кемшіліктердің көп екенін құрылыс бөлімінің басшысы да растады. Қабылдаған мемлекеттік комиссияға қатысым жоқ деп ақталды. Өйткені бұл қызметке 2 ай бұрын ғана келдім деді. Сапасыз құрылысты қабылдап алған маманның жазасы, тәртіптік жуапкершілікке тартумен шектелгенін айтты.  Дегенмен желтоқсан айына дейін баспана береміз деп қосты.

Жандос ТАСОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Осы желтоқсан айына дейін тапсыруды көздеп отырмыз қалған 8 үй бойынша. Ал бір тұрғын үй бойынша жаңа мен атап өткендей даулы сапасыз орындалған бойынша ол жақын арада берілмейді. Себебі оның ішіндегі кемшіліктерін қалпына келтіргенше біз ол үйді тұрғындарға бере алмаймыз. Ол жерде жылу жүйесі бойынша кемшіліктер ба. және де ішкі әрлеу жүйесіне қатысты бірқатар кемшіліктер бар.

Құрылыс бөлімі жөндеу жұмыстарын шала істеген мердігердің ісін сотқа жолдапты. Сондықтан тоғызыншы үйдің нақты қашан қолданысқа берілерін, ешкім айта алмады.

А. Төребекқызы