Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Соңғы 5 жылда «Nur Otan» партиясынан 1,2 млн адам көмек сұрады

AstanaTV
23.11.2020ж. 20:00
1747
Соңғы 5 жылда «Nur Otan» партиясынан 1,2 млн адам көмек сұрады

«Nur Otan» партиясына 1 млннан астам адам жүгінген. Өтініштердің дені оң шешімін тапты. Пандемия кезінде де партия қоғамдық қабылдауды тоқтатқан жоқ. Жұмыс онлайн форматта жүріп жатыр. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгін- кейінгі 5 жылдықты қорытындылады. Толығырақ тілші материалында.

Саяси кеңес ең алдымен биылғы өткен праймериздің нәтижелі жұмысын талқылады. Бауыржан Байбек бастаған кеңес мүшелері партияішілік сайлау халықтың билікке деген сенімділігін нығайтқанына сенімді.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасы партия Төрағасының тапсырмасымен алғаш рет өткен республикалық партияішілік сайлау праймериз партияны қайта жандандырудың қорытынды кезеңі болды. Нұр Отан праймеризі Қазақстан үшін елеулі саяси оқиғаға айналып, іс жүзінде мықты лидерлер, мықты партия формуласын іске асырды.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Тұңғыш рет праймериз өткізіліп жатыр. Праймеризге 10 мыңнан астам адам қатысты. Үміткерлерге дауыс беруге 700 мыңға жуық Нұр Отан партиясының мүшесі қатысқаны баршамызды қуантады. + Нұр Отан партиясы нағыз халықтық екенін дәлелдеді.

Ал партияның соңғы 5 жылда атқарған жемісті жұмысының бірі - қоғамдық қабылдау. Бауыржан Байбектің айтуынша, нұротандық депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдар осы күнге дейін 180 мыңға жуық қабылдау өткізген. Ал, ондағы өтініштердің 70 пайыздан астамы оң шешімін тауыпты. Онлайн форматқа өткен кейін де қабылдаудың нәтижесі жаман емес. «Nur Otan»-ға халықтан 339 мың өтініш түскен. 


Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық өсті. Қиын-қыстау жағдайға тап болған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «111 шұғыл қызметті» іске қостық. 2 айдың ішінде 3 мыңнан астам өтініш бойынша заңгерлі кеңес беріліп, психологиялық көмек көрсетілді.

Бұдан бөлек, соңғы 5 жылда саяси ұйымның арқасында соғыс және тыл ардагерлерінің түйіткіл мәселелері шешілген. Партия олардың 200 мыңнан астамына әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі 40 мың азаматқа жұмыс тауып берген. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде 43 инклюзивті кабинеттер ашылды. Бауыржан Байбек, партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті де алдыңғы қатарға қоятындығын айтып өтті. Партиялық бақылау комитетінің араласуымен құқығы бұзылған 9 мың 300 медицина қызметкеріне өтемақы төленді, деді. Оның сөзінше, «Jas Otan» Жастар қанаты да әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатып жүр екен. Олар жоғары оқу орындары мен колледждерді тексеріп, нәтижесінде 10 мыңнан астам студенттің жатақханалардағы өмір сүру жағдайын жақсартқан.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Nur Otan» партиясы қоғамдық-саяси ұйымдардың ішінен алғашқылардың бірі болып пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы тұрды. Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры 2,2 милионнан астам адамға, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне материалдық көмек көрсетті. Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнап 32 үй салынып, 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді.

Бұдан өзге, ол «Партия қатарын тазарту» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жарғы мен Этика кодексін сақтамаған, партиямен байланысты жоғалтқан 240 мыңнан астам адамның партия қатарынан шығыпты. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа барған, я болмаса құқық бұзғаны үшін 610 адам да партиядан қуылды. Саяси кеңес отырысының соңында сондай-ақ, партияның Жарғысы мен Саяси Доктринасына енгізілетін өзгерістер қаралды.

А. Мүтәлі