Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралда салынып жатқан жолдың 30 пайызы талапқа сай емес

AstanaTV
25.11.2020ж. 20:00
1547
Оралда салынып жатқан жолдың 30 пайызы талапқа сай емес

Орал қаласында салынып жатқан жолдың 30 пайызы талапқа сай келмейді. Оған мердігер компаниялар ғана емес, техникалық бақылау мекемесі де айыпты. "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа", болмағандықтан құрылысшылар жолды қалай болса солай төсей берген. "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" мамандарының тоқтамы осы. Мердігерлер мен шенеуніктер салғырттығынан асфальт болса қармен бірге еріп, қыруар қаржы желге ұшып отыр. Еркін Карин тақырыпты өрбітсін.

Оралдың сапасыз жолынан жалыққан Айбек Өтеғалиев осылай күйінді. Жаңадан салынып жатқан жол сапасы сын көтермейді, дейді қала тұрғыны. Құрылысы көктемде басталған. Ал, асфальт күзде төселіпті. Оның өзінде жүргіншілер жолы ұмытылып қалған.

Айбек ӨТЕҒАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тұрақты жұмысшылары жоқ. Техникалары жоқ. Ондай компанияларға қайдан тендер беріп жатыр? Бөлінген ақша жыл аяғына дейін игерілуі керек дейді. Соны бітіргенше жанталасып, ақшаны бітіргенше асығады. Қайда бөлінгенін, қай бағытта, сапасын, жасалып жатыр ма,  соны тексеруі керек қой.

Қала мен облыс аумағында салынған жолдың сапасы арнайы зертханада осылай мұқият тексеріледі. Мамандардың айтуынша, құрылыста көп кемшілік кеткен көрінеді.

Гүлсезім ТАБЫЛДИЕВА, «ҰЛТТЫҚ ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫ ОРТАЛЫҒЫ» БҚОФ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Мұндағы көп кездесетін кемшіліктер инертті материалдардың құрамының сәйкес келмеуі, яғни подборды дұрыс жасамауы немесе отсевтің аз болғандығы, минералды порошок дейді, сол құрамның аз болғандығы. Нормативтік нормаға сәйкес, өзінің бір шектеуі болады.


Жол сапасын бақылайтын орталықтың араласуымен, биыл бір ғана Орал қаласында екі шақырымнан астам жол қайтадан асфальтталған. Өйткені төселген материалдар стандартқа сай емес. Осының кесірінен кейбір жолдар тіпті кепілдік мерзіміне жетпей, бүлініп жатады екен. Қазірдің өзінде қаладағы жаңадан салынған жолдың 30 пайызы талапқа сай емес.

Зауырбек ҚЫПШАҚБАЕВ, «ҰЛТТЫҚ ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫ ОРТАЛЫҒЫ» БҚОФ ИНЖЕНЕРІ:

Басында техникалық қадағалау деген ұйымдар болады, солар басында кездеспейді. Сол себептен мердігерлер саябыршылыққа салынып, ақаулықтар жіберіп жатады. Содан біздер уақытында тоқтатып, ұйғарымдар бердік.

Жауапты басқарма болса, кемшіліктерді мойындап отыр. "Әдей істедемік", дейді оралдық шенеуніктер...

Бауыржан АЙТМАҒАМБЕТОВ, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл енді әдейі жасайтын нәрсе емес. Бірақ енді технология, құрылыс саласында ондайлар болады. Материалдың сапасы келмей қалатын кездер болады. Тығыздау, сумен қанықтыру көрсеткіштері шықпай жататын кездер болады.

Биыл Батыс Қазақстан облысында жол салуға 36 млрд. теңге бөлініпті. Бұл қаржыға ұзындығы 436 шақырым жол салу жоспарланған. 90 пайызы төселді. Ал, мамандар болса қалаға салынған жолдың 30 пайызы сапасыз деп отыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
 
Жол сапасын бақылайтын уәкілетті органдар жауапсыздық танытқан үш мердігерді былтыр лицензиясынан айырған. Ал биыл бір компания лицензиясы алынып, қожайыны мемлекетке 1,5 миллиард теңге салық төлемегені үшін қамауға алынды. Бірақ мердігерлерге бұл да сабақ болар емес.

Е. Карин