Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Астанада құрылыс алаңдарының біріндегі оқыс оқиғаға орай бір адам қамауға алынды

AstanaTV
18.09.2017ж. 20:00
2842
Астанада құрылыс алаңдарының біріндегі оқыс оқиғаға орай бір адам қамауға алынды

Астанадағы құрылыс алаңдарының біріндегі оқыс оқиғаға орай бір адам қамауға алынды. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Елордада жаңа салынып жатқан нысан аумағында қабырға құлап, екі адам қаза тапқан еді. Тағы бір адам ауруханаға түскен. Оқиға орнына барып келген тілшіміз Диана Сапарқызы мәселенің мән-жайына үңіліп көрді.

Қайғылы оқиға Астананың Сарыарқа ауданы аумағында орын алды. Жаңа салынып жатқан құрылыс нысаны алаңында плиталар қирап, құрылысшылар астында қалып қойған. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдайлар қызметі өкілдері опырылған қабырғаның астында қалып қойғандарды алып шығу үшін барын салған. Өкінішке орай, олардың біреуі оқиға орнында көз жұмып, тағы бір жұмысшы ауруханаға жеткізіледі. Ал үшіншісі үйінді астында қалып қойып, 15 құтқарушы оның денесін әзер алып шығады.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

Қираған қабырғалардың астында қалған бір адамды алып шығу үшін, Астана қаласының төтенше жағдайлар комитетнің арнайы жасақтары жұмылдырылған болатын. Іздестіру құтқару жұмыстарына жалпы 15 құтқарушы, арнайы мамандырылған техника және жабдықтар жұмылдырылды.

Астана қаласы әкімдігінң мәліметінше, зардап шеккендер Өзбекстан азаматтары болып шықты. Бірнеше жерінен ауыр жарақат алған үшінші жұмысшы ауруханаға жеткізіліп, жан сақтау бөлімінде өліммен арпаласып жатыр. 

Дана Уанбаева, травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының баспасөз хатшысы:

Қазір пациент комада жатыр. Жасанды дем алдыру аппаратына қосылған. Науқасқа тегін медициналық қызмет көрсетілді.

Астаналық тәртіп сақшыларының айтуынша, қабырғаның опырылуына жабынды плитаның үстіне құрылыс материалдарының шамадан тыс жиналуы себеп болған сыңайлы. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, ауыр салмақты көтере алмаған плита морт сынып кеткен.

София Қылышбекова, Астана Қ. ІІД баспасөз хатшысы:

Бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 277 бабы, яғни құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамай, адамның өліміне әкеліп соқтыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Ішкі істер департаментінің мәліметінше, қол астындағы жұмысшыларынң қаза болуына байланысты құрылыс нысаның басшысы қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалып отыр. Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары нәтижесін қосымша хабарлайтын болады.