Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Павлодарда бір жасар баласын аялдамаға тастап кеткен безбүйрек ана табылды

AstanaTV
27.11.2020ж. 20:00
3303
Павлодарда бір жасар баласын аялдамаға тастап кеткен безбүйрек ана табылды

Қазақта, "көкек ана" деген ұғым бар. Әдетте бұл сөз баласын тастап кеткен безбүйрек аналарға қатысты қолданылатын. Қазіргі заманда "көкек ана" айналайын болып қалды. Қыз-келіншектер баласын жай тастап кетпейді... Күні кеше ғана оралдық жас келіншек жаңа туған сәбиін әжетхана тесігіне тастап өлтіргенін айтып едік. Осыған ұқсас оқиға Павлодардан келді. Жас келіншек бір жасар баласын қақаған аязда аялдамаға тастап кетіпті.

Сұмдық оқиға кеше кешкісін сағат 20:40-та болған. Полицияның айтуынша, жас ана Семейден Павлодарға таксимен келіпті. Баласын көтеріп аялдамаға бара жатқан келіншек вокзалдағы бақылау камерасына түсіп қалған.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Безбүйрек ана таксиден түсе сала аялдамадағы мына орындыққа баласын тастап кетіпті.  Қасына жөргегі басқа да киімдері салынған сөмкесін де қалдырған. Абырой болғанда, баланы сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі  байқап, дереу жедел жәрдем мен полиция шақыртқан.

Жедел жәрдем нәрестені шұғыл ауруханаға жеткізген. Шүкір бала аман. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша балаға аздап суық тиген екен.

Асет АКБИЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Баланың жағдайы қалыпты. Ыстығы түсті. Ауруханаға түскен кезде температурасы 37.8 болды. Тамағы қызырып кеткен.  Аздап жөтелі бар. Қазір карантин бөлімшесінде. Коронавирусқа сынама алынды.


Ал, "көкек ананы" полиция такси жүргізушісі арқылы 2 сағат ішінде тапты. Ол, таксиді мобильді қосымша арқылы шақыртқан екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, келіншек баласын тастап кетуді алдын ала жоспарлап қойған көрінеді. Оның себебін жас ана, ашып түсіндірмепті.

Нұрлан МӘСІМОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Учаскелік полиция инспекторларының жедел әрекет етуі барысында баласын далада тастаған 33 жастағы ана ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Жас ананың бұл баладан бөлек, кәмелетке толмаған тағы бір ұлы бар көрінеді. Өзі тұрмыс құрмаған. Полиция таратқан дерекке қарағанда 9 жасар тұңғышы Екібастұзда әжесінің қолында. Ал, өзі кейінгі жылдары Таразда тұрған. Қалған ақпарат, тергеу құпиялығына байланысты айтылмады. Ал, тастанды сәби балалар үйіне өткізілмек.

Ө. Қуанар