Қазақстан мен Өзбекстан 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізуге уағдаласты. Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарын қорытындылаған Елбасы бұған "тарихи сапар" деп баға берді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев бір жылдың ішінде осымен алтыншы рет кездесіп отыр. Мемлекет басшысы екі жақты келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде көлік саласындағы байланыстарды нығайтуға қатысты қол жеткізген нәтижелерге назар аударды. Мәселен, аптасына екі рет Алматы мен Ташкент арасында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. «Ұлттық әуе тасымалымен айналысатын компаниялар екі ел астаналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа қалалардың арасында да әуе қатынасы орнайды»,- деп атап өтті Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өткен 8 айда сауда 35 пайызға өсті. Мұндай бұрын соңды болмаған. Бір-біріне көмектесу, бір-бірін толықтыру - көрші елдердің зор мүмкіндігі. Және ол мүмкіндіктер екі елдің де мүддесіне сай болуы шарт.
Өзбекстаннан соң Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ашхабадқа барды. Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Елбасы көршілес Түрікменстанмен бауырлас ел екенімізді, тату қарым-қатынасымызды атап өтіп, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің қарым-қатынасымыз туралы айтсақ, сапарлардан соң көп жұмыс атқарылды. Мемлекетаралық комиссия жұмысын жүргізіп жатыр. Экономикалық әріптестік өте жақсы нәтиже береді деген ойдамын. Шақыртуыңызға рахмет. Сізге және Түрікменстан халқына сәттілік тілеймін.
Сонымен
қатар Нұрсұлтан Назарбаев жауынгерлік өнер түрлері бойынша V Азия ойындарының
ашылу салтанатына қатысып, Қазақстанның ұлттық құрамасы және спорт
делегациясымен кездесті. Ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашхабадқа
спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты.
Қазақстандағы "миллиондаған жанкүйер сіздердің табысты өнер
көрсететіндеріңізге сенімді" деді, саңлақтарымыздың жарысты сәтті бастап,
айқын жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.
Ал сарапшылар, Елбасының көрші мемлекеттерге
жасаған сапары зор мүмкіндіктерге жол ашады, дейді. Саяси-әлеуметтік және тарихи
зерттеулер институтының директоры Камал Бұрханов Қазақстан мен Өзбекстанның
әлеуеті 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 млрд долларға жеткіземіз деген
межеден әлдеқайда зор екенін айтады.
Камал Бұрханов, ҚР саяси-әлеуметтік және тарихи зерттеулер институтының директоры:
5
млрд ол, мен ойлаймын, шектеу емес, ары кетсе 1-2 жылда іске асады. Кеден
проблемасын, инвестиция мәселесін шешіп жатыр. Мемлекеттер, әсіресе Өзбекстан
мен Қазақстан, жалпы басқа мемлекеттерді қарасаңыз да Орталық Азиядағы, әсіресе
Өзбекстан мен Қазақстан ең ірі республикалар ғой, бұл жерде бәсеке емес,
бір-біріміздің экономикамызды толықтыратын мемлекеттерміз.