Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Діни рәсімдер мұсылмандар басқармасы тарапынан біртараптаныдырылуы мүмкін

AstanaTV
18.09.2017ж. 20:00
5241
Діни рәсімдер мұсылмандар басқармасы тарапынан біртараптаныдырылуы мүмкін

Алдағы уақытта "діни рәсімдер" мен "салт жоралғылар" бір ізге түсуі мүмкін. Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының біркелкі тәртібіне сай жүзеге асады.  Бұл туралы  мәжілісте өткен Үкімет сағатында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, өңірлерді былай қойғанда, бір аймақта тұратындардың өзі діни жоралғыларды әр қилы атқаратын жағдайлар жиілеп кеткен. Бұл әсіресе жаназа шығарып, марқұмды жерлеуге қатысты орын алатын көрінеді. Осындай ала-құлалық тұрғындар арасында түсініспеушілік туындатады. Мұның соңы дау-дамайға, тіпті өшпенділікке әкеп соқтыратын кездер де болып тұрады екен. Сондықтан министрлік діни басқармаға тиісті тапсырма берген.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

Қазір мүфтият бұл жұмысты жүргізіп жатыр. Мысалға, таяуда мүфтият «жаназа шығару» деген кітап шығарып, кейін барлық өңірге таратып жіберген. Мұның заңдық күші жоқ, себебі бұл діни бірлестіктің өздерінің ішкі мәселесі.

Дін төңірегінде әлі де насихат жұмыстары жеткіліксіз, ауыл жастарының өз жерінде жұмыс істеп, баспанамен қамтылуына жағдай жоқтың қасы,- дейді депутаттар. Салдарынан олардың басым көпшілігі Астана мен Алматы сынды ірі қалаларға ағылып, пәтер жағалап, тұрмыс тауқыметін кешіп жатыр. Кей жағдайда бұл жалған ұранға елігіп, жат ағымдарға ілесуге дайын тұратын жастар қатарының артуына себеп болады. Осы ретте вице-спикер Владимир Божко бей-берекет қалаға ағылудың алдын алып, өскелең жандарға тұрғылықты жерінде жағдай жасау керектігін айтты.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Жастарға ауылда жағдай жасалып, еңбекке тартылуы керек. Бірнеше бастамалар жүзеге асуда, алайда, олар аздық етіп отырған сыңайлы. Министрліктің назарын  «Нұрлы жер» бағдарламасы барлық облыс орталықтарында жүзеге асып жатқанына аударғым  келеді. Алайда, тұрғындардың 40 пайыздан астамы тұратын ауылдарда үйлер салынбай жатыр.