$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Медициналық қалдықтарды өртейтін зауытқа үшінші рет сот шешімі шықты

AstanaTV
30.11.2020ж. 20:00
2285
Медициналық қалдықтарды өртейтін зауытқа үшінші рет сот шешімі шықты

Ақмола облысындағы медициналық қалдықты өртейтін зауытқа үшінші рет, сот - шешім шығарды. Нақтырақ айтсақ, ауаға у-лы зат тарататын кәсіпорын жұмысын тоқтатуы тиіс. Ауыл халқы серіктестіктің астыртын жұмыс істеп жатқанын айтты. Әріптесім Асылбек Данияр анықтап көрді.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Медициналық қалдықтардың көзін жоятын зауыттың заңсыз жұмысын біз бір емес бірнеше рет көрсеткен болатынбыз. Бірақ та жергілікті әкімдік пен өкілетті органдардан тиянақты жұмыс болмаған сияқты. Қазіргі уақытта кәсіпорынның есігі құлыптаулы. Десе де тұрғындардың айтуынша, түнгі уақытта бұл жұмысын жалғастырады. Сонда сот шешімі осы уақытқа дейін орындалмағаны ма?


Бұқара бұл мәселені 2017 жылдан бері шеше алмай келеді. Қос ауылдың экологиясын ластаған серіктестіктің жұмысын тоқтатуға қатысты, сот 3 рет шешім де шығарды. Бірақ құлақ асар ешкім жоқ. Атқамінерлер де уәдені үйіп-төккен еді. Алайда сенім ақталмады дейді, ауыл тұрғыны Көпей Бейсенова.

Көпей БЕЙСЕНОВА, Ы. АЛТЫНСАРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Тағы да шешім шықты деп печатьсіз, қол қойылмаған қағаз жіберді. Печатьсіз жармайды ғой. Жағып жатыр түнде, екі сағат болсын жағады. Енді мына екі трубаны не үшін алмайды?

 
Сауалды өткен апта ел астанасында брифинг өткізген, облыс әкіміне төтесінен қойдық.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл өте маңызды сұрақ, бір сағаттың арасында біздің баспасөз қызметіміз сізге жауап береді. Қатаң жеке бақылауымызға аламыз, келесі жұма мен өзім Талапкерге барып соны бірге көреміз.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі үш сағаттан соң жауапты жолдады. Онда медициналық қалдықтарды жоятын зауытқа, Софиевка ауылынан жер берілгенін хабарлапты. Демек зауыт Ы.Алтынсарын елді-мекенінен көшуі тиіс. Бұл ақпаратты Талапкер ауылдық округінің әкіміне де растады.

Асқар ЖАҚСЫГЕЛДИНОВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазан айының соңында сот шешімі шықты. Зауыт сол кезден бастап жұмысын тоқтатты. Олар ешқандай қалдықтарды өртеп жатқан жоқ. Софиевкадан берілген жерге көшті. Жылдың соңына дейін түгел құрылғылары мен заттарын алып кететін болады. Кәсіпорынның директоры да маған осындай уәде берді. 2 аптадан бері ол маңда ешқандай заңғы қайшы әрекет болғанын байқамадық. Тексереміз.

Басы дауға қалған серіктестіктің директорымен тілдестік. Ол "астыртын түнде жұмыс істеп жатыр" деген айыптау, негізсіз - деді.

Ерлан РЫСБАЕВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа жерден соқтық базаны, жаңа жерге құйдық ақшаны. Былай ешкім жағып жатқан жоқ и жақпайды да. Оны алып кетеміз. Бірақ қашан алып кететінімізді айта алмаймыз.
 
Шенеуніктер медициналық қалдықты жоятын зауытты бір ауылдан, екінші ауылға көшіргеннен не ұтады?  Ол жағы бізге беймәлім. Оған қатысты шенеуніктер жауап таппады. Зардабы орасан кәсіпорынға ауыл іргесінен 3 жыл бұрын кім жер бергені де белгісіз. Өңір атқамінерлері ол кезде бұл қызметте болмадық деп ақталады. Белгілісі 2017-ші жылдан бері, 4300-ден астам адамның денсаулығына зиян әкелген.  

А. Данияр