Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Прокурор Атыраудағы перинаталдық орталықтың бас дәрігеріне 20 жыл жаза сұрады

AstanaTV
02.12.2020ж. 20:00
2443
Прокурор Атыраудағы перинаталдық орталықтың бас дәрігеріне 20 жыл  жаза сұрады

Атырауда прокурор перинаталдық орталықтың бұрыңғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевқа 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Елдің жағасын ұстатқан «тоңазытқыштағы шақалақ ісі» бойынша бүгін сотта жарыссөз басталды. Сәбиінен айырылған қос ана да ақ халаттылардың қатаң жаза арқалауын талап етті. Тілшіміз толығырақ.

Дүйім елді дүрліктірген қылмыстық іс бойынша сот процесі, жарыссөзге де жетті. Эпизодтарға егжей-тегжей тоқталған прокурор істегі басты күдікті - бұрыңғы бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев пен оның әріптесі Асқар Қайыржанның екеуара телефонмен әңгімесін оқып берді. Сол диалог жаңа туған нәрестенің тағдырын шешкен секілді.

Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ, ПРОКУРОР:

- Мы сейчас хотим его морг отправлять.  Он шевелится. Не істеуге болады? Бәрібір нежилец қой брать. Просто ана баланы  моргке апарайын десек. Әлі жыбырлаған баланы қалай апарасың оны.
- Но утром отправь его. Какие проблемы?
- Сонда морозильникке салып қояйық па, не?
- Я енді не істейсің басқа? Құдайдың өзі кешірсін.


Прокурор бұдан өзге Қуаныш Нысанбаевтың пара беру, заңсыз жалақы төлеу деректеріне де тоқталды. Ол 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Әрі жазаны қауіпсіздігі  барынша жоғары  мекемеде өтесін деді.  

Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ, ПРОКУРОР:


Жазаларды ішінара қосы арқылы Нысанбаев Қуаныш Жолымбекұлын 20 жыл бас бостандығынан  айыру жазасын тағайындауды; Қайыржан Асқар мен Құлбатырова Жәмила  ҚК 99 бабы 2 бөлімі 3,7,11 тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған үшін кінәлі деп тауып,  олардың әрқайсысына 17 жыл  бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын.


Сондай-ақ перинаталдық орталықтың тағы екі қызметкеріне 3 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын сұрады. Сондай-ақ, бүгін сот отырысына жәбірленуші ана қатысты. Одан бөлек тағы бір адам дәл осы дәрігерлер тірі туған сәбиіме медициналық көмек көрсетпеді деді.  

Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

   
Осылардың кесірінен мен сәбиімнен айырылып отырмын. Және де осы адамдар менің және отбасыма келтірілген қиянаттарын мойындарымен көтерсін. Және қатаң жазаға тартылуын сұраймын.


Роза МОЛДАҒАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
 
Олар айтқанда, ішіңде бала өліп қалған,- деді. Ал керісінше бала тірі туылды. 1 мың грамм 35 см балаға неге алғашқы көмек көрсетілмеді дұрыс? Соған әлі күнге өкпелімін. Сол уақыт әлі көз алдымда. Әлі сол күйімді кешіп жүрмін.  Талап арыз жаздым. Бәрін қанағаттандыруды сұраймын.

Айта кетейік, айыпталушылар өздеріне тағайындалған жазаны ішінара мойындаған жоқ. Жарыссөз үш күнге созылмақ.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
 
Еске салайын 45 томнан тұратын қылмысты істе, перзентхананың бас дәрігері мен оның қарамағындағы төрт әріптесі айыпталуда. Олар ортақ базадағы құжатты өзгертпеу үшін тірі туған шақалақты мұздатқыш камерада қалдырды деген күдікке іліккен. Сот процесі биыл мамыр айында басталған еді. Содан бері 200-ге тарта куәгерден жауап алынды.


Б. Нәдірқызы