Тұйық жолдың түйткілі. Қостанай кәсіпкерлері тағы тығырыққа тірелді. Бұл жолы жүк тасымалымен айналысатын жеке кәсіпорындар шағымданды. Жергілікті бизнесмендер дер кезінде тауарын жөнелте алмай тауы шағылып отыр. Көбісі шығынға батқан. Ал «Транспорттық сервис орталығы» акционерлік қоғамы тұйық жолдармен жүк таситын жалғыз серіктестікке рұқсат берген. Қалғандарының шойын арбасы қаңтарылып тұр. Темір жолда тежелген кәсіп жөнінде Заңғар Санай тарқатады.
Виктория Рахалиеваның жүк тасымалы нарығында жұмыс істегеніне биыл 20 жыл болды. Кәсіпорын соңғы 6 айда тығырыққа тірелген. Экспедиторлық ұйымның 8 вагоны мен бірнеше тұйық жолы бар. Келеңсіздік сол жерде. Кейде ол тұрақтар бос тұрады немесе келген вагондар жүгін түсірмей тұрып қалады. Ал, ол кәсіпкерді шығынға батырған.
Виктория РАХАЛИЕВА, КӘСІПКЕР:
Вагондар кешігіп келеді. 10-15 күн келмейді. Немесе тұйық жолдан алып кетпейді. Бір орнында тұрып қалады. Міне жарты жыл болды проблема шешімін таппай отыр.
Рахалиева жалғыз емес. Жиыны 120 кәсіпкер дәл осы күйде отыр. Тұйықтағы түйткілге тап болған бизнесмендердің шығыны бастарынан асады.
Роза СӘРСЕМБАЕВА, «ҚАЗАҚ КЕҢСЕ» ЖШС ӨКІЛІ:
Бізде таңдау жоқ. Мәселен мен «Қостанай» станциясымен жұмыс істегім келеді. Бірақ бізді «Қазжолтранс» жауапкершілігімен мәжбүрлі түрде жұмыс істеуге итермелейді. Бізбен ешкім санаспайды.
Самат СӘДУАҚАСОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгін бізде 45 кәсіпкер қол қойып, арыз беріп отыр. «Қазжолтранс » үлгермей жатыр дейді. Жалғыз өзі допуск алып. Сондықтан кәсіпкерлер айтады енді неге « Қазжолтранс»? Басқаларына да рұқсат берсеңдерші дейді ЦТС-қа. «Тобыл-транс», «Локомотив» олар да алсын, біздің вагондарымыз тұрмасын деп.
Айтпақшы бірнеше жыл бұрын шаһардағы шойын жолдың бір бөлігін «Транспорттық сервис орталығы» акционерлік қоғамы еншілеген еді. Енді сол аумақпен өтетін жүкті тек жалғыз серіктестік тасиды.
Нұрдосхан ШҰЛАҚОВ, «ҚАЗЖОЛТРАНС» ЖШС ӨКІЛІ:
Басқарып отырған маман оның тәжірибесі аздау болды. Сол бірінші себеп. Екіншісі бірінші себептен шығады. Теміржолдың станциясымен дұрыс байланыс болған жоқ. Өйткені біздің жұмысшының тәжірибесі аздау болды. Осы күнде біз оның бәрін таптық. Қай жерден қатеміз бар. Сол маманды өзгерттік.
«Қазжолтранс» серіктестігі қаладағы елуге тарта кәсіпкермен келісім-шартқа отырған. Алдағы уақытта, солардың әрқайсысымен жолығып, ортақ мәміле жасауға дайын екенін жеткізді.
Вячеслав МИРОНОВ, «ҚТЖ –ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» ЖШС ҚОСТАНАЙ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біз әуелі бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана ортақ шешім табылады деп ойлаймын. Тұйық жол мәселесі ақырындап шешіліп жатыр.
Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасы болса, тұйық жолдағы жүкті тасуға басқа компанияларды да жұмылдыру керек дейді. Сонда ғана түйткілдің түйіні түбегейлі тарқамақ.
З. Санай