Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтөбелік фермерлер облыс әкімдігіне баса көктеп кірді

AstanaTV
04.12.2020ж. 20:00
2125
Ақтөбелік фермерлер облыс әкімдігіне баса көктеп кірді

Ақтөбелік шаруалар бүгін облыс әкімдігінің ғимаратына баса көктеп кірді. Айтуларынша мал азығына бөлінген субсидиядан қағылған. Өйткені жергілікті атқамінерлер 3 млрд теңгеден астам қаражатты жақындары мен таныстарына бөліп берген. Осылай деген наразы топ, әкімдіктен субсидия талап етті. Аймақтағы әріптесім Бақыт Рахметова, наразы топпен кездесіп, мәселенің жай-жапсарын біліп қайтты.

Жиналғандардың айтуынша, биыл пандемияға байланысты облыс шаруаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінген. Аймақ басшысының шешімімен, жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге шаруа қожалықтарына үлестіріліпті. Қазан, қараша айларында мал басына қарай қайтарымсыз көмек алған. Бірақ көпшілік тапсырыс берсе де, ақшадан құр қалдық дейді.

Қыдырбай КСУПОВ, КӘСІПКЕР:

3.4 млрд бөлінді. Есебі дұрыс болмай жетпегендіктен шаруалар айқай шуы содан болып тұр. Шаруалардың кредиттері келіп тұр. Налогы, зарплатасын төлейді. Жетпегені - мал басының санын дұрыс санамағанның кесірі. Кілең қалып қойған кішігірім шаруа қожалықтар.

Ерлан ЖАНБОСЫНОВ, КӘСІПКЕР:

Олар айтады ендігі жерде субсидияның тек жартысын төлейміз дейді. Сонда бірінші алғандар жүз пайыз алады да ал қалған шаруалар елу пайыз ғана алады. Не себепті. Олар әуелден ия вообще бермеу керек еді. Берсе барлығына бірдей тең бөлу керек еді. Сол әділетсіздік.


Көпшілік осы көмектен дәмелі болған. Ірі қараның әр басына 30 мың теңгеден, жылқыға 20 мың теңгеден ал қойға бес мың теңгеден есептепті. Бірақ ортақ қазандағы қаражат тек таңдаулыларға берілген көрінеді.

Руслан СҮЙІНШАЛИН, КӘСІПКЕР:

Бұл жерде жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасымен осыған қатыстылардың салғырттығы. Бірінші рет 1 млрд береді. Екінші рет 2 млрд 400 береді. Енді қалғанымызға ақша жоқ дейді. Сөйтсек ол ақшаны өздерінің жақын тамыр таныстары алған. Ал Ақтөбенің 80 пайыз шаруалары дымсыз құр қалды.

Әкімдіктегілердің субсидия беру барысында көптеген заңсыздықтар болғанын мойындап отыр. Қазір арнайы комиссия құрып,тексеру жұмыстары бастамақшы.

Аманғал БЕРДАЛИН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Көптеген заң бұзушылықтар пайда болып жатыр. Себебі үйіндегі есепте тұрған малды шаруашылыққа жазып алып, жауапкершілік серіктестікке жазып ақша алу мақсатында солай отчет тапсырып жатыр барлығы. Мал саны 2 есеге өсіп кетіп тұр. Енді осы мақсатта тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Енді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы прокуратураға арызданып, алаяқтық жолмен ақша алғандарды анықтауға кіріспек. Мал басын артық көрсеткендерге қатыстық қылмыстық іс қозғалатынын ескертті.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Басы дауға қалған ауыл шаруашылығы басқармасы , өңірдегі 800-дей шаруашылыққа 1,6 млрд теңге  субсидия төленгенін хабарлады. Қалғаны тапсырыс бергендерге берілмек. Ал ол қаражат шу шығарған шаруаларға жете ме, жоқ па ол жағы әзір беймәлім.  


Б. Рахметова