Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

COVID-19: Карантиннің пайдасы бар ма?

AstanaTV
08.12.2020ж. 20:00
3500
COVID-19: Карантиннің пайдасы бар ма?

Ауруын жасырған өледі. "COVID-19 жоқ", деген Түркіменстанда ауруханалар науқасқа толып қалды. Дәрігерлер жұмысы күрт ауырлап кеткен. Ақпарат көздерінің дерегінше, сырқаттанушылардың барлығында індет белгілері бар. Бірақ, ресми Ашхабад әлі де коронавирус инфекциясы тіркелмеді деп отыр. Ал, кеселмен күресте «арқаны кеңге салған» Швеция ақыры қатаң карантинге көшуге мәжбүр болды. Дүниежүзілік рейтингте көш басында тұрған АҚШ-та жаңа жылдан кейін жағдай одан әрі ушығуы мүмкін дейді, мамандар. Әлемдегі және елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы Асылбек Даниярдың материалында.

«Коронавирус» терминін айтуға тыйым салған Түркіменстанда жағдай нашарлап барады. Емделуге келген науқастардың өзін аурухана табалдырығын аттатпай, үйіне қайтарып жатыр. Өйткені, палаталарда бос орын жоқ. Өкініштісі, мұнда адам өлімі де күрт көбейген. Оларға «пневмония» диагнозы қойылыпты. Қысылтаяң сәтте дәріханалардан тұмауға қарсы дәрі-дәрмектің өзін табу мүмкін емес, деп жазды жергілікті БАҚ.

ТҮРІКМЕНСТАНДЫҚ БАҚ:

Жерлеу рәсімі қауіпсіздік қызметкерлерінің қадағалауымен өтеді. Марқұмдардың денелері мықтап жабылған қара полиэтилен пакеттерге салынған. Оларға мәйітті ашуға және сақтауға рұқсат етілмейді.

Швеция ұзақ еркіндіктен кейін, елде локдаун енгізуге бел буды. Билік мұндай шешімге адам шығыны көбейгеннен кейін барып отыр. Мұнда қыркүйекте тәулігіне 100 жағдай тіркелсе, қазір 300 мыңға жуық. Ахуалдың нашарлауына байланысты бұқаралық жиындарды өткізуге тыйым салынды.

Кейбір елдерде карантиннің өзі көмектесер емес. АҚШ-тағы 40 миллион халқы бар Калифорния штатында адамдарға «үйден шықпаңдар» деген бұйрық берілді. Кәсіпорындардың барлығы жабылып, отбасылық жиын өткізуге қатаң тыйым салынды.  

Майк РАЙАН, ДДҰ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:


Соңғы бірнеше аптада бүкіл әлемдегі жағдайдың үштен бір бөлігі Америка Құрама Штаттарына тиесілі. Ашығын айтқанда, денсаулық сақтау жүйесі мықты және технологиялық мүмкіндіктері бар елде - минутына бір-екі адамнан өліп жатыр.

Германия шектеу шараларын 10 қаңтарға дейін ұзартты. Чехияда ертеңнен бастап карантин күшейтіледі. Алайда, санитарлық талапқа бағынбайтындар да табылып жатыр. Елдің экс-президенті Вацлав Клаусқа масканы иегіне таққаны үшін 135 доллар айыппұл салынды. Жалпы ғаламшарда қытайлық індетті 68 миллионнан астам адам жұқтырған.

Елдегі эпид ахуалға келсек. Өткен тәулікте 670 адамнан коронавирус анықталды. Оның 59-ы мектеп оқушысы. Ең көп жағдай Павлодар облысында тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханада жатқан 250-ге тарта адамның халі нашар.

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
 
Қазіргі уақытта COVID-19-ға шалдыққан 14 210 адам ем қабылдауда. Олардың арасында 1 001 бала бар. Жалпы науқастардың ішінде 246 адамның ахуалы нашар. Соның 31-інің өмірі қыл үстінде. 36 адам өкпені  жасанды желдету құрылғысына қосылған.

Павлодар облысындағы «Ақсу» қарттар үйіннен де жаппай жұқтыру дерегі анықталды. Әлеуметтік орталықтың 54 тұрғыны мен 11 қызметкері қазір емделіп жатыр.

Ерғалы АСЫЛБЕК, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Қарт адамдардың 32-сі стационарлық емдеуге жатқызылды.  Оның ішінде бір адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалған адамдар амбулаторлық деңгейде ем алып жатыр.

Ресми деректерге сенсек, бір аптаның ішінде «тәж» вирусынан 54 адам көз жұмған. Пандемия басталғалы коронавирусқа 137 мыңнан қазақстандық шалдықса, соның 2100-ге жуығы қайтыс болды.

А. Данияр