Орталық сайлау комиссиясы фото, аудио және бейнежазба жүргізуге тыйым салмайды. Алайда, қаулыға сәйкес олардың бәрі дауыс беру құпиясы мен сайлаушының дербес дерегін ескеруі тиіс. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында белгілі болды. Мәжіліс сайлауына түскен 5 партия 312 үміткерді ұсынып отыр. Оның ішінде Ауыл партиясынан – 19 кандидат, Nur Otan-нан 126, Адалдан – 16, Ақ жолдан – 38 және Қазақстан халық партиясы атынан 113 адам.
Константин ПЕТРОВ, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Партиялық тізімге 222 ер, 90 әйел енгізілді. Орташа жас – 46 жас. 29 жасқа толмаған 19 адам бар. Ең жасы 1995 жылы туған, ең үлкені 1950 жылғы азамат. Тізімге енгендердің ішінде 12 ұлт өкілі бар. Олардың ішінде 79 пайызы қазақ, 13,8 пайызы орыс және қалғаны басқа ұлт өкілдері. Партиялық тізімдерге Парламент Мәжілісі VІ шақырылымының 34 депутаты енгізілді.
Айта кетейік, бүгін сағат 18:00-де ел бойынша Мәжіліс сайлауына түскен партиялар арасында үгіт-насихат науқаны басталды.
Ә. Өмірзақ