Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Аймақтарда азық-түлік бағасы неге шарықтап тұр?

AstanaTV
10.12.2020ж. 20:00
3072
Аймақтарда азық-түлік бағасы неге шарықтап тұр?

Елде азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Оған әкімдіктер айыпты екен. Кейбір аймақтар қымбатшылықты қолдан жасап отырған көрінеді. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Үкімет тапсырмасын пысқырмай отырған өңірлерді тізіп шықты. Ол, Павлодар, Түркістан және Ақтөбе облыстары. Нарықтағы баға жайында Айя Мүтәлі тарқатады.

Азық-түлік бағасы күн санап өсіп келеді. Бағаның шарықтағаны сол, кейбірі отбасылық бюджетті жоспарлап үлгермей жатыр. Тапқан таянғанымызды қалай тартсақ да, жеткізе алмай келеміз, дейді павлодарлықтар.

Үкіметте келтірілген деректерге сенсек ең қымбат азық-түлік осы өңірде екен. Павлодар әкімдігі тіпті «бағаны ауыздықтаңдар» деген Үкіметтің ескертуіне де құлақ аспаған. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгін биліктің тапсырмасын аяқсыз қалдырған тағы бірнеше әкімдіктің атын атап, түсін түстеді. Олардың қатарында Түркістан және Ақтөбе облыстары бар. Министрлік әсіресе, Ақтөбеге ерекше тоқталды.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Барлық өңірлерде бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінен асып түсуінің 66 фактісі тіркелді. Өткен жылы бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жеті облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланды. Алайда оның қорытындысы болмады.


Үкіметтің ескертуін елеусіз қалдырған ақтөбелік атқамінерлерге хабарластық. Олар бағаны ауыздықтауға барымызды салып жатырмыз деп ақталды.

Нұрхан ТІЛЕУМҰРАТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ақтөбе облысында бағаны тұрақтандыру үшін "айналым схемасы" іске асып жатыр. Біз сауда желілерінен 15 пайыздан аспауын бақылап отырамыз.


Десе де, азық-түлік нақты неше есеге қымбаттағанын айту қиын. Министрлер мен халықтың есебі әлі күнге екі түрлі. Жұрт қана емес депутаттар да Үкімет келтірген дерекке күмән келтірген.

Меруерт ҚАЗЫБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


По данным министерства рост цен за 11 месяцев т.г на СЗПТ составил 9,6 % в реальности на 25-30 %.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Қымбатшылық инфляцияға да айтарлықтай әсер еткен.  Теңгенің құнсызданғаны туралы ақпаратты ай сайын естиміз. Азық-түлік қана емес, шүберек те 5 пайызға өсіпті. Коммуналдық төлемдерің өскенін айтпасақ та түсінікті.


А. Мүтәлі