Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Солтүстік Қазақстанда қандастарға арналған ауыл электр жарығына жарымай отыр

AstanaTV
11.12.2020ж. 20:00
2984
Солтүстік Қазақстанда қандастарға арналған ауыл электр жарығына жарымай отыр

Солтүстік Қазақстан облысында қандастарға арнап салынған ауыл электр жарығына жарымай отыр. 2012-ші жылы ғана құрылған Бәйтерек кентінде кеш батса болды - қара түнек. Бұл мәселені жергілікті шенеуніктер жақсы біледі. Бірақ шешілетін емес. Шенеуніктер бәріне - Табиғат ананың тосын мінезін айыптаған. Керосин шамымен отырған заманауй Бәйтеректен Абзал Құрманкиннің репортажы.

Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылы 2012 жылы қандастарға арналып салынған. Петропавлдың жанынан бой көтерген ауылда бүгінде 300-ден астам түтін бар. Жаңа болғанымен кентте - келеңсіздіктер аз емес. Әсіресе электр жарығы жағы өте қиын...

Жанат ОТЫНШИНОВ, БӘЙТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бірдеңе болса, свет сөнеді. Сосын жарты күн, бір сутка жарықсыз отырамыз. Мұндай проблема он жылдан бері келеді. Бізде су мен отопление светпен. Барлық ауыл сол светке қарап отырады. Қыс тем более.

Тұрақсыз тоқтың кесірінен ауылда тұрмыстық техника жиі күйіп кете береді. Алайда, ауылды мүліктің бүлінуі емес, "қатып" қала беретін ғаламтор алаңдатады. Пандемия кезіндегі онлайн оқу - оқушылардың бас ауруына айналды.

Амангелді ЕСІМҒАЖИНОВ, БӘЙТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Оны қалай оқиды? Оқымайды. Түнде әріптерді кім көреді? Сосын жаман баға алады. Бұл дұрыс емес. Сендер электриктарды қысыңдар. Келеді міне осыны төле дейді. Мен ай сайын төлеп отырмын.


Бәйтерек жұрты жағдайды айтып әкімдікке бірнеше рет барған. Нәтиже жоқ. Шенеуніктер, бұл келеңсіздікке күн райын кінәлапты.

Ахметхан ТОБЫЛБАЕВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БОЙЫНША БАС ИНСПЕКТОРЫ:


Бәйтерек ауылындағы шағын электр стансасы 2014 жылы салынды. Ол әкімдіктің меншігінде тұр. Біз қызмет көрсету кәсіпорнымен келісім-шарт жасастық. Бірақ ақау стансадан шығып отырған жоқ. Ауа райына байланысты ара-тұра апат болып тұрады. Жұмысшылар олқылықты көп ұзамай жойып отырады.

Дегенмен, атқамінерлер электр сымдарының тозығы жеткенін мойындап отыр. Әкімдік енді осы айда сараптама жүргізіп, анықталған ақауларды жоймақ. Яғни, жарық мәселесі Бәйтеректе биыл шешілуі тиіс.

А. Құрманкин