Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шалғайдағы жеткіншек жомарт жандардың көмегіне мұқтаж

AstanaTV
11.12.2020ж. 20:00
3129
Шалғайдағы жеткіншек жомарт жандардың көмегіне мұқтаж

Тағдыр тауқыметі. Қостанай облысында тұратын мүгедек отбасына көмек қажет. Ерлі-зайыпты Қалиевтар - үшінші топтағы мүгедек. Бірақ жанға батқаны ол емес, кенжесінің күн өткен сайын өздігінен қозғала алмауы. 12 жастағы жеткіншек "бұлшық ет ыдырауы" дертімен арпалысып келеді. Бірақ әлі күнге ешқандай медициналық көмек алмайды. Өйткені отбасы шалғайдағы Ашутасты ауылында тұрады. Тауқыметті арқалап жүрген отбасы, арнамызға алыстан арнайы келіп, көмек сұрады.

Нұрымханның 9 жасқа дейін басқа балалардан еш айырмашылығы болмаған. Мектепке барып, қатарынан қалыспай доп теуіп, ойын ойнапты. Уақыт өте жүруден қалып, қазір қолына қалам ұстай алмайтын хәлге жеткен. Арбада отырғанына 3 жыл болды.

Мейрамхан ҚАЛИЕВ, НҰРЫМХАННЫҢ АҒАСЫ:


Нұрымхан екінші сыныптан бастап, әлсіз бола бастады. Құлап қала беретін болды. 4 сыныптан кейін дәрігерлер үйде отырып оқысын деді. Содан бері өзіміз көтеріп, өзіміз арқалап жүреміз.  Ата-анамның жастары келіп қалды. Оны көтеру қиын оларға сол жағы қынжылтады.


Қозғалысы қиындаған жасөспірімнің көмекшісі студент ағасы ғана. Мейрамхан - Арқалықтағы жоғарғы оқу орнында оқиды. Бірақ әр сенбі-жексенбі ауылға келуге мәжбүр. Өйткені ата-анасы туғаннан естімейді, сөйлей де алмайды. Перзентінің ауыр дерті, өмірлік серігінің бүйрек ауруы еңсені езгенімен, отанасы отбасылық жылулықты бәсеңдеткен емес. Оның айтарын қасына еріп жүрген сіңілісі жеткізді. Дәрігерлердің ұдайы бақылауында болу үшін, тіршілігі қайнаған қалаға көшіп келсек дейді. Өйткені жергілікті амбулаторияның науқасқа көрсетер қауқары жоқ. Арманға қол жеткізетін қаражат болмағандықтан, қайырымды жандардан үмітті.

Гауһар ЕЛЕНБАЕВА, НАҒАШЫСЫ:

Қол ұшын созатын адамдар болса, ауылдан қалаға көшетін мүмкіндік болса, дәрігерге барып қаралуға мүмкіндік болса екен. Үкіметтің, министрлердің тарапынан көмектесер жандар болса  екен. Президент те айтты ғой, барлық азаматтардың қалауын тыңдаймыз деп.

Нұрымханның бала арманы асқақ, өскенде елге қызмет етер азамат болсам дейді. Ол үшін ең алдымен аяққа тұрып алуды көздеп отыр. Көптің көмегіне мұқтаж отбасы, дәрі-дәрмектен де тарығады. Жомарт жандар табылса, мына есеп-шотқа қаржы аударуға болады. Жақсы істің қашан да қайыры бар.

Ғ. Өтемісов

Көмек көрсету үшін:

ЖСН: 020401550260
КАЛИЕВ МЕЙРАМХАН ШАЛАБАЕВИЧ
ЕСЕП-ШОТ: 4400430190415601
ТЕЛ: 8-775-579-82-16, 8-707-220-59-00