Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қостанайда жаңа мектеп қолданысқа берілді

AstanaTV
14.12.2020ж. 20:00
2105
Қостанайда жаңа мектеп қолданысқа берілді

Жаңа мекенге - жаңа мектеп. Қостанай қаласындағы шағын аудан халқына, қазақ және орыс тілінде білім беретін 1200 орындық оқу ошағы пайдалануға берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында есігін айқара ашқан білім ордасында 49 сынып бөлмесі бар. Келесі тоқсаннан бастап, «Юбилейный» шағын ауданындағы сегіз жүзден астам оқушы осында оқымақ. Білім ошағының  ашылуына аймақ басшысы қатысты.

«Юбилейный» - шаһардағы жаңа шағын ауданның бірі. Бұл төңіректі 18 мыңға жуық адам мекендейді. Мектептің ашылуы тұрғындар үшін айтарлықтай қуаныш сыйлады.

Мәншүк АЛҒАШБАЕВА, АТА-АНА:

Балаларым алыс мектептерге қатынап оқыды. Енді өздері тұрып мектептеріне келе береді. Біз де жұмысымызға бара береміз. Осындай үлкен мектептің ашылып отырғанына біз аудандағы ата-аналардың барлығы қуанышты.


Жаңа білім ордасында мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру қарастырылған. Мектеп ауласында ойын және оқушылардың селекция жұмысымен айналысатын оқу-тәжірибелік алаңдары да бар.

Бақытжан ИСЕТОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

2021 жылы робототехника деген секілді сыныптарды ашуға. Сонымен қатар қай мектеп болмасын ол өзінің ұлттық тәрбиесі, патриоттық тәрбие дегенге міндетті түрде тәрбиелеуге тиісті. Сондықтан осы мектебімізде «Смарт-Сарбаз» деген сыныптар ашылады ғой деген ойдамын.


№ 27 мектепте оқуға 770 оқушы өтініш білдірген. Оған қоса 88 бала даярлық сыныбына қабылданбақ. Шәкірттерге 76 мұғалім сабақ береді. Олардың дені жоғарғы және бірінші санаттағы ұстаздар. Жаңа білім ордасы үшінші тоқсаннан бастап жұмысқа кіріседі.

Ақмарал НҰРМҰХАМБЕТОВА, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

Бұл мектеп тамаша. Заманауи талаптарға сай жабдықталған. Құрал-саймандар, оқулық, тақталар барлығы сапалы білім беру үрдісі үшін өте жақсы жабдықталған.

Биыл облыс бойынша 133 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілген. Игі мақсатқа аймақ қоржынынан 11 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Әкімдіктегілер бұл сомма өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық деді.

З. Санай