Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Латын қарпіне көшу. Талқы басталды.

AstanaTV
16.09.2017ж. 20:00
3140
Латын қарпіне көшу. Талқы басталды.

Қазақ әліппесінің жаңа нұсқасы туралы. Латын қарпімен жасалған әліппенің бір үлгісі апта басында Парламентте талқыланды. Басын ашып алатын нәрсе, көпшілік латын қарпіне көшудің маңызын жақсы түсінеді, тиісінше, қолдайды. Оған еш әңгіме, талас жоқ. Бірақ әліппенің ұғынықты, ыңғайлы болғанын да қалайды.

«Айқын» газетінің журналисі Серікбол Хасан фейсбуктегі парақшасында архивтен тапқан мына мақаланы жариялапты:

"Латын әліппесін алу керектігіне бір себеп мынау: латын әліппесі батыс Ауропа мәдениетінің әліппесі; Ауропа мәдениеті әлі көпке шейін жер жүзінің мәдениет бәйгесінде бәйгенің алдын бермеуі анық; сондықтан бір әліппе бүтін жер жүзіне әсерін тигізеді десек, сол әліппе – латын әліппесі болуға ыңғайы бар.
Латын әліппесін алғанда, түрүк дыбыстарын тегіс таңбалау үшін бірлі-жарымды жаңа әріб қосу керек. Бұл – бір. Кейбір латын әрібін Ауропаның әр қалқы әр түрлі айтады; түрүктерде кейбір латын әрібін Ауропадан басқаша атауға мүмкін, бұл – екі. Барлық түрүк елдерінің әліппесі біреу-ақ болу үшін, бірінің жазғанын бірі іркілмей тану үшін әліппені алғанда былай ету керек: жаңадан қосылған әріб неғұрлым аз болсын; латын әрпі өзінде қандай дыбысқа ие болса, түрүк тілінде де сондай дыбысқа ие болсын; әрібтің бұрынғы дыбысы тым бұзылмасын…"

Тел-Жан (Телжан Шонанұлы),
"Еңбекші қазақ" газеті, 
1926 жыл, №87, әпрелдің 25-і.

Журналист 1926 жылғы латын қарпіне байланысты Баку сиезінің стенограмасын оқып шыққанын жазады. «Түрік әлемінің 100 мықтысының бәрі дерлік, оның арасында қазақтан Ахмет, Нәзір аталар сөйлеген, қосар әріптің тиімсіздігін алға тартыпты. Соған қарағанда, бізге әлі мына қаріпті қабылдамай тұрып, "жеті рет өлшеп, бір рет кескен" дұрыс болады-ау!», - дейді. Саясаттанушы А.Сарым: «...Жұмыс тобы өз жұмысын аяқтаған жоқ. Əлі біраз айтыс болады. Нəтижесінде бір ортақ нұсқаға келуіміз міндет. Қажет болса 30-40 адамды бір бөлмеге қамап, ортақ нəтижеге жетіп, мұржадан ақ түтін шыққанша айтыстыру қажет деп санаймын», - деп жазды. Маңызды мәселеге байланысты материалды Дәуренбек Бақдәулет дайындады.

Ұсынылған қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы, парламентте көрсетілген мезеттен-ақ көптің талқылауына түсті. Көпшілік бірден өз есімдерін жаңа нұсқада жазып жіберіп, бірі қуанды, бірі мұңайып қалды. Нәтижелерін әлеуметтік желілерде бөлісіп, тілге жұмыр келер жеріне байланысты айтысып жатты. Бірі бір дыбысты қос әріппен бергеніне наразылық танытқан, енді бірі кей сөздердің жаңаша жазылу әдісіне бас қатырды. Тағы бірі диграфтарды алып тастап, төл дыбыстарымызды кей әріптердің үстіне нүкте немесе үтір қою арқылы белгілеуді ұсынды.

Ал, парламентте талқыланған нұсқаны дайындағандар өздерінің нұсқасын «жақсы» дейді, әрине. Диграф жүйесін қолданған - екі әріппен бір дыбысты беру формасы.   

¤

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық  орталығының директоры:

Мына «ң» әрпін айта алмай жүрміз ғой әлі біз, ертең күндердің күнінде «ә»-ні айта алмай қаламыз. Түріктер Кемаль Ататүріктің кезінде «қ» дыбысын әлппесіне еңгізбеді. Бұл қате болды. Қазір 90 жылдан кейін Түріктер «қ» дыбысын жоғалтып алды. 1 ғасырдың ішінде түріктер қазір Карадениз дейді. «Қара» деген сөз болған, 100 жыл бұрын, жоғалтып алды. Әзірбайжан Түрік алфавитіне еліктеймін деп, жоғалтып алып, қайта соңғы реформада енгізді. Бір дыбысты жоғалту ол тілге деген қауіп. 

Расымен де, көпшілік ішінде жалқаулық дейміз бе, жауапсыздық дейміз бе, ұялы телефонда бар төл әріптерді пайдаланбайтындар бар. Салдарынан әкеміз «аке», әжеміз «аже» болып жазылып кеткелі қай заман. Бір қарағанда ресми құжат немесе мақала, шығарма емес, онда тұрған не бар?- дерсіз, бірақ бұл кіршіксіз тілдің бүлінуінің алғашқы сатысы екен.

Әйтсе де айтпай кетпеуге болмайтыны - ұсынылған нұсқаны қабылдамай жатқандардың арасында ғалымдар да бар:

Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:

Мысалы, «үй» деген сөзді «үйлеріміздегі» деп өзгерткен кезде жұрнақ, жалғаулардың арқасында ол сөздегі әріптер көбейеді, ал сол сөзді диграф арқылы жазатын болсық, тіпті ұлғаяды. Бұл жәй мәселе емес. 

Талай жыл бағдарламалар инженері болып жүрген Жанат Аймағанов та біраз жұрт айтып жатқан - кей әріптің үстіне үтір қойып белгілеу формасын қиын емес, -дейді.

Жанат Аймағанов, бағдарламашы-инженер:

Міне, керек болса бәрі бар, осылай шығып жатыр. Таб смартфон, самсунгта да солай. Бірден айтайын айфонда бұл басқаша. Біз бұл компанияға хабарластық, олар айтады, сіздер, Қазақстанның кодын жіберсеңіздер, сол әріпті енгізу керек дейді. Біз енді Алла жазса, осы әліпеге көшкен соң, жедел арада Қазақстанның екі не үш әріптік кодын енгіземіз. Қоғам қалай қабылдайды, сол жағын ойлауымыз керекқой. Мен түсінемін фонетикалық тағы басқа заңдар бар, менің ойымша мен еш заң ашып жатқан жоқпын, тек жолдарын тауып жатырмын.

Елдің күдігі, тіпті кекесіні бұл жолы билікті шошытқан жоқ. Себебі ұлт үшін қабылданар маңызды мәселеде алдымен халықтың пікірі тыңдалуы керектігін Президенттің өзі айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Маған келіп ғалымдар көрсетті де айтты, мына жарлыққа қол қойыңыз да, шығарыңыз, содан кейін жұмыс істейміз деп. Мен айттым, болмайды деп.  Халық түгел қарасын, асығатын ештеңе жоқ. Мен парламентте талқылауды ұсындым. Бәрі ойын айтты, қазір детальдар қаралып жатыр. Консенсус болып, ғалымдар, тарихшылар  бір шешімге келген соң, мен жаңа әліпбиді жария етемін.

Көпшілік ақын-жазушылардың жазбаларын жаңа әріпке көшіруде қиындық бола ма,- деп алаңдаушылық білдірген. Бірақ бұған негіз жоқ сияқты. Арнайы әзірленген конвертер «Абай жолын» кирилл қарпінен латыншаға 3 секундта аудара алады.

Қуаныш Біләл,  «Attila Group» компаниясының өкілі

Бұл конвертердің қызметі шектеусіз, шынын айту керек. Мысалға сайтты ашып, 5 мың әріпті бірден аудара аласыз. Немесе Абай жолының 4 томы, басқа да ғылыми әдебиеттерді аударам десеңіз файлды жүктеп алып, мынаған енгізіп аударып ала саласыз. Сондықтан мұнда сан мыңдаған кітап, рухани қазынамыздан айырылып қаламыз деген өтірік. Керек болса  бір айдың ішінде сегіз сағаттық режиммен барлық әдебиетімізді аударып алуға болады. 

Латын әріптерімен жазылған Абайдың өлеңін қала тұрғындары қалай оқитынын көргіміз келді. Нәтижесі бізге ұнады. Сіз де бағалап көріңіз.

1.Әсемпаз болма әрнеге, 
Өнерпаз болсаң арқалан. 
Сен де – бір кірпіш, дүниеге 
Кетігін тап та, бар қалан! 

2.Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.

3.Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде ақпараттың 70 пайызға жуығы латын әріпінде таралады. Ғылыми-техникалық прогрессті де біз осы латын қаріпінде оқимыз. Бұл болашақта жемісін мол беретін бағдарлама. Біз ешкімнен қалып қоймауымыз керек.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Бастысы ұлт үшін, ел үшін маңызды қадам жасалды. Енді халық пен билік санасып, ғалыммен қара ақылдасып, жаңа әліппе төңіргеінде  бір мәмілеге келуі керек. Зерттеулер ел азаматтарының 90 пайызға жуығы латын хәріпіне көшуді жақтайтынын көрсеткен.  Демек бізге тиімді таңбаны таңдау ғана қалды.