$456.98 €489.43 ₽6.45
×

0,5 промилле. «Бір бокал шарап мәдениеті» келіп қалған ба?..

AstanaTV
16.09.2017ж. 20:00
4708
0,5 промилле. «Бір бокал шарап мәдениеті» келіп қалған ба?..

Осы аптада кейбір ақпарат құралдары медициналық куәландыру туралы ережеге енгізілген өзгерістерге сай, «енді рульде ішуге болады» деген сипатта материалдар жариялады. Ал біздің тілшілеріміз анықтағанда, ережеге сай «мас» дейтін меже 0,5 промилледен басталатыны бұрыннан бар екен. Бірақ бұрыннан бар ма, қазір енгізілді ме, мәселе онда емес, мәселе «мас» дейтін меже 0,5 промилледен басталатыны. Сонда «қаннан 0,3, 04 промилле алкоголь табылса ешнәрсе етпейтіні» рас па?  Осы жерде жүргізе қоятын параллель - биыл алты айда 7127 жол апаты болған. 10 мыңдай адам зардап шеккен. 738 адам мерт болған. Апаттар ішіп алған жүргізушілердің кесірінен де көп болатыны мәлім... Сонымен 0,5-ке дейінгі промилле деген не, өзі? Оны біздің жүргізушілер сақтай ма? «1 бокал шарап» мәдениеті бізге жеткен бе?    

Құжатта негізінен кейінгі уақытта пайда болған психотроптық заттарды пайдаланушыларға қатысты мәліметтер жаңартылған. Бірақ осы №504 бұйрықтың спирттік ішімдіктерді тұтынуға қатысты тұсы ерекше талқыланып жатыр. Кейбір ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде сыра, шарап немесе аз мөлшерде арақ ішіп көлік жүргізуге рұқсат беріліпті деген ақпараттар жүр. Бұл мәліметтің қайдан шыққанын мамандардың өздерінен білуге тырыстық.

Бақытжан Нұрәлиев, Республикалық психикалық аурулар ғылыми-практикалық орталығы бас дәрігерінің орынбасары: 

Әлеуметтік желідегі роликтер, басқа да ақпарат құралдарында тараған ақпарат бұрмаланған. Бұл бұйрық әлі күшіне енбей жатып, белгілі-бір мөлшерде ішімдік ішіп, көлік басқаруға болады деген мәселе көтерілген емес. Жаңа бұйрықта айтарлықтай өзгеріс жоқ. Промиллеге қатысты кестенің жарияланғаны рас. Бірақ ол медициналық мекемелерде бұрыннан бар ереже. 

Сонымен әлгі бұйрықта көрсетілген адам ағзасындағы промилленің мөлшері қандай болуы керек? Мамандардың айтуынша, ішімдік ішпесе де адамның ағзасында химиялық реакциялардың әсерінен алкоголь бөлініп тұрады. Мұны дәрігерлер тілінде «эндогендік» деп атайды. Оның көрсеткіші шамамен 0,3 промиллеге тең. Ал мастану, адам организмінің спирттік өнімдерден улануының мөлшері мына кестеде: 

0,5 ПРОМИЛЛЕГЕ ДЕЙІН – ҚАЛЫПТЫ

0,5-1,5 ПРОМИЛЛЕ – МАСТЫҚТЫҢ ЖЕҢІЛ ТҮРІ

1,5-2,5 ПРОМИЛЛЕ- ОРТАША МАС БОЛУ

2,5 -3,0 ПРОМИЛЛЕ- ҚАТТЫ МАС БОЛУ

3,0-ДЕН ЖОҒАРЫ- ЕС-ТҮСІНЕН АЙЫРЫЛЫП МАСТАНУ  

Алкогольдің мөлшері алкотестрдің сызықшасында 0,5 пайыздан аспаса, ешқандай әкімшілік жауапкершілік жоқ. Ол заңда да тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Бірақ бұл адамдарды теріс ойға жетелемеуі керек. Мысалы, бір бокал шарап немесе бір шөлмек сыра ішкенде, «алкогольдің промиллесі аталған мөлшерден аспайды екен», - деген жаңсақ пікір, дейді дәрігерлер.

Айгүл Әбдікәрімова, Наркологиялық әлеуметтік сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісі: 

Жеңіл алкагольдік ішімдік ішкен адамның мастығын арнайы үрлеу аппараттарымен анықтау кейде мүмкін емес. Ішімдікті әр адамның организмі әр түрлі қабылдағандықтан, оның мастығын кейде сыртқы белгілеріне қарап, дәрігер ғана айтып бере алады. Сондай-ақ, қымыз ішімдікке жатпаса да, одан промилле шығатын кез болады. Ал бір тостаған сыра немесе шарап ішкен адамның жағдайын аппарат анықтап бере алады.

Халық қымыз, алкогольсіз сыра немесе денсаулықты оңалтуға қажетті дәрі-дәрмектердің құрамына әртүрлі сеніммен қарайды. Ал мамандар бұлардың үшеуінде де белгілі-бір мөлшерде спирттің болатынын дәлелдеген. Жол полициясы тоқтатқанда, қымыз немесе «0» пайыздық сыра іштім десеңіз, басыңыздан сыйпамайды. Сараптамаға апарып, сізді бір тексертіп алатыны ақиқат.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Күшіне енетін бұйрыққа сәйкес, мас адам мен ішімдік ішпеген адамның арасындағы белгілі-бір шекті анықтау үшін біз де қазір тәжірибе жасап көрмекпіз. Ол үшін сыра, қымыз және адамдар көп тұтынатын дәрілердің бірін таңдап, ішіп алдық.  Бірер сәттен кейін оның промиллесін анықтау үшін дәрігердің көмегіне жүгінеміз.

Араға біршама уақыт салып, қалалық наркологиялық сауықтыру орталығындағы  сараптамалық бөлмеге келдік. Тексеру нәтижесінде алкотестр үшеуміздің де ағзамызда алкогольдің нөлге тең екенін көрсетіп берді.

- бұл ең жақсы өлшеу құрылғысы. Сіздің организмде ішімдік жоқ екенін көрсетіп тұр...  

Еуропа елдерінде таңғы немесе түскі аспен бірге аздап шарап ішіп, сосын көлік жүргізу қалыпты құбылыс. Дәрігерлер ол кезде адамның қанындағы спирттің промиллесі 0,5 промилледен аспайды деп сендіреді. Әлемнің дамыған елдеріндегі бұл үрдіс бекзадалықтың бір көрінісі. Ал біздің қоғам үшін «бір бокал шарап» мәдениеті қандай?!

Орынбасар Тілепбергенов, заңгер:

Біздің құқықтық жүйеміз әлі еуропалық стандартқа сәйкес келмейді. Біз құқықтық реформаның 4-ші кезеңін жүзеге асырып жатқанымызбен, жүргізушілердің құқықтық білімі төмен. Ол жолда жүру мәдениеті, ол алкоголдік ішімдіктерді қолданудың мәдениеті. Сондықтан мұны қолдамаймын. Ал препараттарды пайдалану, басқа әңгіме. Шарапты, уытты заттарға ішуге рұқсат беріп рөлге отырғызу, ол - қылмыскерлерді қолдан жасау тәжірибесін өзіміз енгізумен тең деп есептеймін.

Кейде адам ағзасындағы спирттің мөлшері оның арақ-шарапты қанша мөлшерде ішкеніне байланысты емес. Ол көп жағдайда әр адамның денсаулығы мен организміне тәуелді  екенін полиция қызметкерлері де айтады. Біреу «ем» үшін деп бір ұрттам ғана ішімдік ішсе, жазалануы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде біржақтылық болмас үшін полицейлер тек дәрігерлерге жүгінеді. 

- Күмәніміз болса, сараптамаға апарып тексертеміз. Дәрігерлер оның мастық күйін, ішімдік, наркологиялық жағынан тексеріп, ішкен-жегенін анықтап берсе, дәрігерлер қортындысы бойынша хаттама толтырамыз.

Ал қымыздың құрамында спирт бар ма?- деген риторикалық пікірталас қашанда басылған емес. Қырық ауруға ем болатын қымыздың құрамында спирт болса да, ішімдікке жатпайтыны шариғатта да, дәрігерлер арасында да мойындалған. Алайда көпшілік «қымыз ішіп көлік басқаруға болмайды» деген қағиданы ұстайды. Себебі қымыз ішу фактісін жол инспекторлары кейде өз мақсаттарына пайдаланатын деректер аз емес. Тағамтану академиясының мамандары әлсіз қымызда - 1 пайыз, орташа қымызда – 1,5 пайыз, күшті ашыған қымызда 1,75-тен 3 пайызға дейін промилле болатын жоққа шығармайды.

Орынбасар Тілепбергенов, заңгер:

Жүргізушілердің ұлттық сусындарды тұтынуына байланысты талаптар көп. Ол қымыз- қымыран. Ешкімге ұлттық сусындарды ішпе демейді. Бірақ оның органимзге әсері, көңіл күйіне әсер ететіні ақиқат. Сауда мекемелерде қымызға қатысты бөтелкелерде неге ескерту жоқ, онда. Бірақ қымыз ішкен жүргізушілерді жауапқа тартуға негіз бар.  

Денсаулық министрлігінің Медициналық куәландыру ережелері туралы №504 бұйрығы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған соң күшіне енеді. Қазір онымен кез-келген адам министрліктің ресми сайтынан таныса алады. Республикада тек биылғы алты айда 7 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, 700-ден астам адам мерт болса, 10 000 адам жараланған. Арақ ішудің заң алдында да, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс еместігін денсаулық сақтау министрлігі қатаң ескертеді. 

Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».  

orda

«Orda FM» радиосы

Бұл жақсы музыка, өзекті жаңалықтар, қызықты бағдарламалар мен еркеліктер толқыны
Онлайн тыңдау
AstanaTV жарнамасы

Телеграм-канал AstanaTV

Подпишитесь на наш телеграм-канал и будьте в курсе всех событий моментально . Участвуйте в различных розыгрышах
Соңғы жаңалықтар