Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Елордада биыл бірнеше кәсіпорын іске қосылды

AstanaTV
22.12.2020ж. 20:00
2204
Елордада биыл бірнеше кәсіпорын іске қосылды

16 қабатты үйлерді бұдан былай төрт жыл емес, төрт айда салып бітіруге болады. Құрылысты, дайын тұрған модульдік темірбетон блоктары арқылы жүргізуге болады. Яғни, кірпіш қалауға, бетон құюға уақыт кетпейді. Мұндай жаңа технология әзірге тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар. Жаңа тәсіл арқылы мамандар қолжетімді баспана санын арттырмақ. Биыл іске қосылған өндіріс орындарын тілшіміз Айя Мүтәлі өз көзімен көріп қайтты.

Нұр-Сұлтанда ашылған құрылыc комбинаты Lego тәсілі бойынша үй құрастырады. Бұл құрылыс уақытын қысқартып қана қоймай, салынған нысанның бағасын да тиімді етеді екен. Сапасы да жоғары. Жаңа технологиямен биіктігі 25 қабатқа дейін жететін зәулім үйлер соғуға болады. Нұр-Сұлтанда осы күнде блоктық бөлмелерден тұратын 16 қабаттық үй салынып жатыр. Отандық құрылысшылар тың жобаны Ресей, Түркия, Германия, сондай-ақ Италия елдерінің тәжірибесінен алып келген екен.

Айдар ЕРМАҒАМБЕТОВ, ЗАУЫТТЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Біз пандемия кезінде де тыңбай еңбек еттік. Коронавирусты жұқтырғандарды емдеуге арналған жедел госпиталь да біздің технологиямен салынды. Өнімдеріміз зауыттан 80% дайын күйінде шығады. Бір блоктың салмағы 20 тонна. Тың әдіс құрылыс саласына жаңа серпін береді деп ойлаймын.  

Карантин кезінде бетон өндіретін зауыттардың да жұмысы жүріп тұрды. Елордалық 3 ірі өндірістік база қатарына жақында тағы бір зауыт қосылды. Ол, 30 жаңа жұмыс орыны. Компания осылай тәулігіне қуаты 3000 шаршы метр бетон мен 3000 тонна цемент өндіріп отыр.

Александр ПАХОМОВ, БЕТОН ҚОСПАСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде 150 адам қызмет етеді. Пандемия кезінде де жаңа жұмыс орындарын ашып, жас мамандарға қолдау білдірдік. Биылғы жыл оңайға түспеді. Тек осы қызметкерлеріміздің еңбекқорлығы мен кәсіпқойлығының арқасында біз жоспарымызды толығымен орындадық.

Тағы бір бетон зауыты да пандемия кезінде қызметкерлеріне барынша қолдау көрсеткен. Өндірісті де тоқтатқан жоқ. Қажетті санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмысты жалғастырды. Компания басшысының айтуынша, елде құрылыс тоқтамаған. Сондықтан да материалдарға сұраныс төмендемеді.

Ержан БАЙМҰҚАШ, БЕТОН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің өндірістің қуаты - 3000 мың текше метрді құрайды. Пандемия, әрине, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әсер етті. Бірақ біз қарап қалған жоқпыз. Қалай болғанда да, аптасына екі рет санитарлық тазарту шараларын өткіздік. Қызметкерлерді жеткізу мен олардың отбасыларын емдеу шығындарын көтердік.

Биыл медициналық бұйымдар шығаратын өндірістің де саны артты. Мәселен, бас қаладағы бетперде шығаратын ірі зауыттардың бірі де, осы карантин кезінде ашылған. Кәсіпорын қазір 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Лаура БУРУШЕВА, МАСКА ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ БАСШЫСЫ:

Біздің қызметкерлер жарты жылдан бері 3 ауысыммен тынымсыз еңбек етіп келеді. Күніне 140 мың маска тігеміз. Айына 5 млн дана маска өндіріледі. Қазақстанның бүкіл аймағын қамтып отырмыз. Құны да қолжетімді. Дәріханаларға 11 теңгеден өткіземіз. Сапасы шетелден келген медициналық маскалардан кем емес. Отандық өнімді қолдау керек.

Биыл елордалық өндіріс қарқынының өскені соншалық, жаңа зауыттарды іске қосу қажеттілігі туып отыр. Әсіресе, газ құбырын шығаратын зауыт қажет. Жаңа өндіріс ошағы 6 айда салынды. Оған 100 құрылысшы жұмылдырылған.

Ерлан МҰРАТОВ, ЗАУЫТТЫҢ БАС ИНЖИНЕРІ:

Бұл зауытта шамамен 20-50 адам жұмыс істейді. Бір жылда 10-15 тоннаға дейін труба шығарамыз деп пландап отырмыз. Бірінші Нұр-Сұлтан, сосын солтүстік аймақтарды қамту басталады.


Бұл құбырларды көгілдір отынға ғана емес, су жүйесі үшін де қолдануға болады екен. Зауыт қазір қажетті заманауи техникалық құралдармен толығымен жабдықталған. Алайда, өндірістің өзі әлі іске қосылмады. Ресми ашылу салтанаты келер жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр.

А. Мүтәлі