$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Елде дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге артады - «Nur Otan»

AstanaTV
25.12.2020ж. 20:00
2574
Елде дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге артады - «Nur Otan»

«Nur Otan»-ның Республикалық сайлауалды штабы Ақтөбе облысына барды. Саяси ұйым өкілдері қала және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Партиялықтар  білім және денсаулық сақтау саласының өкілдерімен де кездесіп, партияның алдағы 5 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарының бірі – азаматтардың денсаулығы. Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек, ауруханалар мен перзентханалар заманауи құрылғылармен, рентген аппараттарымен және басқа да қажетті жабдықтармен жарақтандырылатынын жеткізді. Ал дәрігерлердің жалақысын 2,5 есе өсіру жоспарлануда.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің Елбасымыз бар, Президентіміз бар. Мысалы осы бағдарламаны кім жария етті, біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 21 триллион теңге жұмылдырылады деді. Ол ақша саналған, ол бар. Енді алға келетін болсақ, біздің бағдарламада бірқатар уәделер берілді. Сол бойынша осы ауылдың, сіздердің сауалнамаларыңызды ескере отырып, 300 орындық мектепті салуға уәде береміз.


Осы күні «Nur Otan»-ның өкілдері Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының тұрғындарыменде кездесті. Мұнда партияның сайлауалды бағдарламасының аясында мектеп салу, көшелерді жарықтандырып, ауыз сумен қамту жүйесін кеңейту жоспарларымен бөлісті. Кездесуде өңірдің экологиясын жақсарту және облыс азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де кеңінен талқыланды. Аймақ тұрғындары партияның сайлауалды бағдарламасын қолдады.

Жанат ТЕЛАҒЫС, МАРЖАНБҰЛАҚ АУЫЛЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақта Темірқазық деген жұлдыз бар, соған қарап ешкім жолда жаңылыспаған. Сол Темірқазығымыз Елбасы екеніне ешкімнің дауы жоқ. Сол Темірқазықтың шамшырағы, бағдаршамы ол –«Nur Otan». Бұл ауылымыз мен өзім ақсақал ретінде гарантия беремін ауыл болып «Nur Otan»-ға  дауыс береміз.

Ғ.Өтемісов