$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ШҚО-да зиянды қалдықтар көлемі 10 пайызға азайтылмақ - «Nur Otan» партиясы

AstanaTV
28.12.2020ж. 20:00
1152
ШҚО-да зиянды қалдықтар көлемі 10 пайызға азайтылмақ - «Nur Otan» партиясы

«Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарын Шығыс Қазақстан облысында жалғастырды. Партиялықтар өнеркәсіп жұмысшыларымен және өңір тұрғындарымен кездесті.

Сайлауалды штаб мүшелері алдымен Өскемен титан-магний комбинатына барды. Ұжымға партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар жайлы баяндады. Алдағы 5 жылда бұл өңірде 129 мың жаңа жұмыс орнын ашуды, 2,5 мың шақырым автожолға жөндеу жүргізуді және тұрғын үй мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек кәсіпорындарды жаңғырту мен қоқыс өңдеу кешендерін салу есебінен экологияны жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қолға алынатынын жеткізді.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Елбасы әр қазақстандықтың әл-ауқатын көтеру үшін, нақты проблемаларды шешу, Қазақстанның келбетін жақсарту, инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету, қуатты экономикалық негіз жасау қажеттігі туралы үнемі көтеріп келеді. "Nur Otan" партиясының бастамасымен, біз 50 ірі өндіріс орнын құруға уәде береміз. Осының есебінен облыста 129 мың жұмыс орны ашылады. "Nur Otan" партиясы 2,8 млн шаршы метр тұрғын үй салуға кепілдік береді, яғни 30 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.


Сайлауалды штаб мүшелері қала тұрғындарымен де кездесті. Жұртты негізінен аулалар мен балалар алаңқайларын абаттандыру, қоғамдық көлік жұмысы мен коммуналдық қызметтердің сапасы толғандырады. Аталған мәселелерді шешу үшін партиялықтар бірқатар нақты міндеттерді пысықтады.

Елдегі әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық шиеленістерді шешу орталықтары құрылады. Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек «Ана мен бала» орталығында осындай мәлімдеме жасады. Бұл ретте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, отбасылық соттар құрылмақ.

Ғ.Өтемісов