Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Шымкентте азық-түлік бағасы қымбаттады

Шымкентте азық-түлік бағасы қымбаттады

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Әсіресе өсімдік майы мен жұмыртқа құны өсіп кеткен. Мереке алдында өскен баға әлі түсетін емес. Мұны өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы өз көзімен көріп келді.

Шымкентте басқасынан бұрын жұмыртқа құны күрт көтеріліп кеткен. Жарты ай бұрын ғана 30-35 теңге тұрған жұмыртқа осы күнде 50 теңгеден сатылып жатыр. Оның өзі кездесе қалса.

Закира БАДЫРОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен бүгін продукты алуға келгем. Жұмыртқалар өте қымбат екен енді. Бұрынғыдан 20 теңгеге қымбаттап кеткен ғой.

Сатушылардың айтуынша, мереке кезінде жұмыртқаның қымбаттау қалыпты жағдай. Оның үстіне теріскейдегі құс тұмауы да әсер еткен. Негізінде, азық-түлік саудагерлердің қолына арзанға тимейді екен.

Жомарт АЗАМАТОВ, САТУШЫ:

Біздің қоятынымыз үстіндегі сол 3 теңге, 4 теңге әрі кетсе 5 теңге қоямыз. Олар немен байланыстырып жатыр қымбаттатуды?- Енді бізге айтуы бойынша жем қымбат дейді.

Шымкентте күнбағыс майы да қымбаттаған. Сұйық майдың 5 литрі - 3 мың теңгенің үстінде.

Уәлихан ҚАЛҚАМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұлар енді баяғыда 2 200-2 300 тұғын. Қазір 3 400-ге алдық қой. –Тағы не қымбаттаған? – Еттер қымбаттаған, шекеріңіз қымбаттаған.

Ет те аз кем қымбаттапты. Картоп пен сәбіз де баға қосқан. Бұл, жергілікті сауда және баға мониторингі бөлімі келтірген дерек.

Қайрат БАЗАРБЕКОВ, ШЫМКЕНТ қ. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САУДА ЖӘНЕ БАҒА МОНИТОРИНГІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мереке қарсаңына дейін біз күнделікті ірі сауда нысандарын біз тікелей өзіміздің мониторинг жұмыстарын бақылауында ұстап отырдық. Ал нарықта мынау заңсыз әрекеттер болмаса заңсыз табыс табу, сөз байласу орын алған жағдайда біз қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар көрілетін болады.


Шенділердің сөзіне сенсек көрші аймақтардан жеткізілетін азық-түлік қана баға қосқан. Ал, жақын маңнан жеткізілетін тауарлар әлде қайда арзан көрінеді.

А. Төребекқызы