$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда қыста жол салған мердігер кәсіпорын мен әкімдік соттасып жатыр

AstanaTV
06.01.2021ж. 20:00
2438
Оралда қыста жол салған мердігер кәсіпорын мен әкімдік соттасып жатыр

Қыстың көзі қырауда жаяу жүргіншілер жолын салып, тақтатас төсеген мердігердің ісі енді сотта қаралады. Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері тапсырылған жұмысты уақытылы орындамаған кәсіпкерді осылай жауапқа тартпақ. Ал, мердігер болса әкімдік өкілдерімен келіспейді. Неге?Еркін Карин анықтап көрді.

Ақ қар, көк мұзда жолға тас төсеген жұмысшыларды көрген белсенділер ғаламторды осылай шулатқан. Олар, қыста салынған жол - көктемде қармен бірге еріп кете ме, деп күмәнданды. Ал кәсіпкердің айтуынша, бұл тротуар бастапқы жобада жоқ көрінеді. Мердігер қалаға осындай "тосын сый" жасамақ болған...

Сефа АЗИЗОВ, МЕРДІГЕР:

Осы аумақтағы жөндеген жолдан артық қалған өрнек-тастың біраз бөлігін біреулер ұрлап кетті. Сосын қалған тасты осы жерге төсеп тастадық. Бұған бюджеттен ақша шықпайды. Тротуарды талапқа сай жасадық, жолдың астын жазда нығыздап қойғанбыз.

Ал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мұнымен келіспейді. Өз міндеттемесін уақытылы орындамаған мердігер жауаптан осылай жалтарып отыр, дейді.

Асылан ДАУБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖМ ЖӘНЕ АЖ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Мердігер мекеме аталған нысанды уақытында аяқтамаған. Сол себепті қыстың кезінде жұмыстарды жүргізіп, бізге тапсырғысы келген нысанды. Алайда құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталмауына орай, бүгінгі күні біз бөлімнің атынан сотқа талап-арыз жолдаған болатынбыз. Ақпан айында сот шешімін күтіп отырмыз біз.

Осылайша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі келісімшартта көрсетілген 80 миллион теңгенің 20 миллионын төлемеген. Уақытында орындалмаған жұмыстың ақысын олар осылай бағалап отыр. Қалай болғанымен бұл дау енді сотта шешілмек.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Былтыр Орал қаласында күрделі жөнделуі тиіс 30 жолдың 18-ін тапсырыс беруші мекеме қабылдап алыпты. Қалған жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Ал межелі мерзімге үлгірмеген екі кәсіпорынның ісі сотқа беріліп, келісімді орындамаған тағы екі мердігерге 5 миллион теңге айыппұл салыныпты.


Е. Карин