Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Партия төрағалары сайлаушыларына сенім артқаны үшін алғыс айтты

AstanaTV
11.01.2021ж. 20:00
2215
Партия төрағалары сайлаушыларына сенім артқаны үшін алғыс айтты

Түнгі 12-де экзитпол сайлау қорытындысын жариялаған соң, қалған 4 партия төрағасы да, өздерін қолдаған сайлаушыларына алғыс білдірді. Мәжіліске өткендері қуанышымен бөліссе, қалғаны сайлаушыларына сенім артқандары үшін рақмет айтты. Және алда ел игілігі үшін еңбек етуді жалғастыра беретіндерін жеткізді.

Дәстүрге сай әр партия экзитпол нәтижесін өз штабында естіді. Тиісті 7 пайыздан жоғары дауыс жинап, Мәжілістен орын алғанын естіген - Қазақстан халық партиясы  - бір-бірін құттықтады. Олар алдын ала нәтижемен келісетіндерін жеткізді.

Айқын ҚОҢЫРОВ, "ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Сайлауалды науқан кезінде депутаттыққа үміткерлер үшін тең жағдай қарастырылды. Ешқандай қиыншылық пен кедергі болған жоқ. Экзитпол нәтижесі біздің мүмкіндігіміздің мол екенін көрсетеді. Сайлауалды жұмыстарға қатысқан әріптестеріме және сайлаушыларға ризашылығымды білдіремін.

«Ақ жолдық» Азат Перуашев та сайлаушыларына алғыс айтты. Сондай-ақ саяси додада бәсекелесі болған «Nur Otan» партиясының төрағасын сайлаудың сәтті өтуімен де құттықтады.  

Азат ПЕРУАШЕВ, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз партиямызға көрсетілген сенімді ақтауға тырысамыз, ақтаймыз. Және де біздің әріптестеріміз, басқа партиялардың төрағалары және Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтағым келеді.

Ал жинаған дауысы төменгі палатадан орын алуға жетпеген "Ауыл" партиясының төрағасы үлкен жұмыс атқарылғанын айтты. Тынымсыз еңбек еткен партияластарына ризашылық білдірді. Бұл сайлау да сабақ, тәжірибе болғанын жеткізді.

Әли БЕКТАЕВ, «АУЫЛ»  ХДП ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бізді қолдаған азаматтардың барлығына. Және аудандық облыстық өңірлік және республикалық штабында жұмыс істеген барлық әріптестерімізге өзіміздің алғысымызды айтқымыз келеді. Шынында көп жұмыс атқарылды. Сайлау біз үшін өте үлкен сабақ болды. Өте үлкен тәжірибе болды.

Бес партияның ішінде ең аз дауыс жинаған «Adal» партиясының төрағасы да жақтастарына алғыс айтты. Және «Nur Otan-ды» айқын жеңісімен құттықтады.

Серік СҰЛТАНҒАЛИ, «ADAL» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия халыққа берген уәдесін қалай орындау керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл бүгін халыққа өте керек партия. Экзитпол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр. Сондықтан өзім «Nur Otan» партиясын құттықтаймын.

Айта кетейік, түндегі экзитпол нәтижесінен кейін бүгін Орталық сайлау комиссиясы да сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Дегенмен дауыс санында аса айырмашылығы жоқ, жоғарыда айтылған үш партия Мәжілістегі депутаттық мандатты бөлісетін болады.

Ә. Өмірзақ