Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Н. Назарбаев «Nur Otan» партиясын жеңісімен құттықтады

AstanaTV
11.01.2021ж. 20:00
1761
Н. Назарбаев «Nur Otan» партиясын жеңісімен құттықтады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясын айқын жеңісімен құттықтады. Партия төрағасы өз жақтастарымен бірге түнгі сағат 12:00-де баяндалған экзит-пол нәтижелерін тамашалаған еді. Алдын-ала қорытынды бойынша «Nur Otan» партиясы сайлаушылардың 71,97 пайыз дауысын жинады.

Сайлаудың алдын-ала қорытындысын саяси күштің өкілдері партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге сайлау штабында күтті. Елбасы бұл жеңісті жұмыла атқарылған жұмыстың жемісі екенін атап өтті.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Nur Otan» өзінің мақсаты айқын, қуатты саяси-күш, нағыз халықтың партиясы екенін дәлелдеп шықты. Халқымыз бізге тағы да 5 жылға сенім көрсетті. Бұл жеңіске барлық нұротандықтар еңбек етті. Біздің волонтерлар еңбек етті. Жасотандықтар, партияның орталық органының жұмыскерлері, бәріміз бірге жұмыс істеп, нәтижесін көріп отырмыз.

Елбасы партия жаңару кезеңінен өткенін айтты. Қатарына халық арасында беделі бар тұлғалар мен озық ойлы азаматтар қосылған. Нұротандықтардың бастамасымен әр аудан, қала, облысты дамытуға бағытталған бірқатар жобалар дайындалды. Партия өз сайлауалды бағдарламасында еліміздің дамуы бойынша алдағы 5 жылға жоспар түзді. Ол 5 институционалдық бағдарламасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің халыққа жолдауында берген тапсырмаларымен ұштасып жатыр.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


«Nur Otan» партиясының басты мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту және елдігімізді нығайта беру. Ел болып біріге білсек, алынбайтын асу жоқ. Басымызға түскен қиындықтарды біз әрдайым бірге еңсеріп, жетістіктерге бірлесе жетеміз. Баршаңызды партиямыздың жеңісімен құттықтаймын.


«Nur Otan» партиясының Төрағасы бұл жолғы саяси доданың бұрынғыдан өзгерек екенін атап өтті. Ең әуелі ол пандемия және соның салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс жағдайында ұйымдастырылған. Соған қарамастан партия 17 өңірдегі 7 млн сайлаушыны қамтыған сайлауалды науқан өткізді. Онда қордаланған түрлі мәселелер көтерілген болатын.

А. Мүтәлі