Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Шымкенттік бір топ тұрғын баспанасы үшін берілетін өтемақымен келіспейді

AstanaTV
14.09.2017ж. 20:00
3369
Шымкенттік бір топ тұрғын баспанасы үшін берілетін өтемақымен келіспейді

Шымкентте Қошқарата өзенінің маңында тұратын жүздеген тұрғын мемлекет қажеттілігі үшін алынатын үй-жайына берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейді. Арнамызға шағым айта келгендер бірнеше жыл бойы тұрып жатқан баспанасы үшін берілетін қаражаттың өте аз екенін  айтады. Ал жергілікті шенділер тұрғындардың даурығуына негіз жоқ деп отыр. Тараптардың пікірін  Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты. 

Всю жизнь строились. Всю жизнь что-то изменяли. А теперь нас под снос за копейки.

Тиынға бағалады деп ренішін білдірген Юрий Микропулоның бұл үйде тұрып жатқанына жарты ғасырдан асқан. Анасынан мұраға қалған орталықтағы үйінің жалпы алаңы 100 шаршы метр. 10 соттық жерде сарайы мен бау-бақшасы тағы бар. Айтуынша, бағалаушылар осыншама дүниені 13 млн теңгеге бағалапты. Алайда үй иесі бұл сомаға келіспеймін деп отыр.

Юрий Микропуло, Шымкент қаласының тұрғыны:

Тым болмаса 30 млн теңгеге бағаласа қайтеді. Мейлі онша қаржы бермесе де, менің осы үй-жайыма сәйкес келетіндей ақша ұсынбай ма? 10 соттық жерімен тауып берсін демеймін, бірақ қаланың ішінен осы шамалас үй алатындай мүмкіндік болуы керек қой менде де.

Қошқарата өзені маңында тұратын жүздеген отбасыдан соңғы күндері маза қашқан. Үйі мен жері мемлекет қажеттігі үшін алынатынын естігелі күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. Ұсынылып жатқан баға тым төмен,- дейді.

Лейла Мирзаева,  Шымкент қаласының тұрғыны:

Біздің үйіміз кірпіштен салынған. Бағалаушылар келіп көріп, суретке түсіріп кетті. 2000 жылы тұрғызғанбыз. Соған небәрі  9 млн 929 мың теңге беріп отыр. Үйдің 75,8 пайызы тозған деп шығарыпты. Кірпіштен соғылған үй қалайша 17 жылда тозады. Ол мүмкін емес жағдай ғой. Ішінде суы, кәріз жүйесі, жарық, газы бәрі бар. Мен ол бағамен келіспеймін. 9 млн теңгеге не келеді қазір?!

Даурыққан тұрғындарды шенеуніктер сабырға шақырды. Олардың айтуынша әзірге алаңдауға негіз жоқ көрінеді. Қошқарата өзені маңындағы 634 тұрғын жайдың нарқын бағалап жатқан тәуелсіз компания әзірге екі үйдің ғана бағасын белгілеген. Оның өзі  алдын ала есеп екенін айтқан жерге жауапты Қасымбек Сайлауов тұрғындардың тілегі ескеріледі деді.

Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Егер де сол жер учаскелерінің иелерінің сол жерді бағалау кезінде өздерінің қандай да бір ұсыныстары болса және де олар бағалау компаниясы  бағалаған кезде тағы да бір басқа мән-жайларды ескермеген жөндері болатын болса, оның бәрін біз осы жердегі тұрғындармен бірге қарап, оның бәрін заң аясында  бағаланады. Бағаланған кезде де нарықтық құнымен бағаланады.

Шенділер осылай дегенмен тұрғындардың көңілі әлі де күпті. Қамсыз қалмауымыз керек дегендер бағалаудың нарыққа сай болуын талап етіп отыр. Айта кетейік, Шымкентте мемлекет қажеттілігі үшін «Ескі  қала» аумағындағы үйлер де сүріледі деген ақпар тараған. Ондағы баға да көңіл көншітпейді. Жылжымайтын мүлікті сату орталығы өкілінің пікірінше, "аталған аумақтардағы тұрғын үйлер тым ескі, оның үстіне көшелер тар, ретсіз орналасқан". Осы себепті оларға нарықта сұраныс аздау екенін көлденең тартты. Дегенмен шаһардың орталығында болғандықтан, бүгінгі беріліп жатқан баға расында төмен екенін теріске шығармады.

Нұрлан Досымбеков,  жылжымайтын мүлікті сату орталығының директоры:

Аз беріп тұр. өйткені сол бағаға сәйкес сондай үйді алу  өте қиын. 10 млн-ға шағын үй алуға болады. Үлкен үйді ала алмайды, времянка, шағын үй. Енді ол тұрған жеріне байланысты, жылына байланысты, орысша айтқанда, состояниесі дейміз ғой, ремонт, ремонтсыз соған да қарайды.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейік, мемлекет қажеттілігі үшін Қошқарата өзені маңынан жалпы аумағы  29 гектар жер алынатын болады. Ондағы үлкенді-кішілі тұрғын үйлердің орнына  қаланың бас жоспарына сәйкес  мынадай көпқабатты зәулім үйлер бой көтермек.  Тек тәуелсіз бағалаушылар ұсынған баға халықтың оң жамбасына келе қойса жақсы. Бізге мәлім болғанындай, әзірге бұл мақсатқа қаржы бөлініп үлгермеген. Қазіргі жүріп жатқаны халыққа алдын ала ескерту мен түсіндіру жұмыстары. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ