Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қызылордада жол апатынан бес адам қаза тапты

Қызылордада жол апатынан бес адам қаза тапты

«Қызылорда-Құмкөл» күре жолында ірі жол апаты болып 5 адам қаза тапты. Түрлі дене жарақатын алып ауруханаға түскен тағы 5 адам бар. Құтқарушылардың хабарлауынша, тас жолдың 69-шақырымында «Мерседес Бенц Спринтер» мен «Тойота Хайлюкс» автокөліктері соқтығысқан.

Соқтығысқан көліктердің екеуі де қызметтік көрінеді. Ішінде екі компания қызметкерлері болған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көліктер бетпе-бет соқтығысыпты. Құтқарушылар, жүргізушілердің денесін көліктен әрең алып шығыпты.

Бақыт ЕМБЕРГЕНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗМЕТІ ММ ОРЫНБАСАРЫ:


Салматра авариялық инструменттері қатыстырылды. 62 жылғы азаматты алып шықтық. Өйткені қатты соқтығыстан адам өз орынында емес, артқа қарай жылжып кеткен және моторының алдыңғы бөлігі ішке қарай кіріп кеткен.

Құтқарушылардың айтуынша, екі көлік жүргізушілері оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қаза болған тағы үш жолаушы бар. «Мерседес Бенц Спринтер» көлігінде болған бес адам қалалық ауруханасына жеткізілді.

Бауыржан ТӨЛЕГЕН, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

1 науқаста көптеген қабырғаларының сынығы, 2 науқаста жамбас, сан сүйектерінің сынығы, 1 науқаста бас миының шайқалуы және 1 науқаста төменгі сан сүйегінің сынығы диагнозымен қазіргі таңда ем алуда. Реанимация бөліміндегі науқастың қазір жағдайы тұрақты, ауыр.

Соқтығысқан екі көлік жүргізушілері жол қауіпсіздігін ескермеген. Мамандардың алдын ала болжамы осы. Апатқа байланысты, қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары басталды.

Шамшидин АМИТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

345-баптың 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалардың барлығы тағайындалды. Әрі қарай, тергеу амалдарымен анықталатын болады, қай жүргізушінің кінәсімен жол көлік оқиғасының орын алғандығы.

Ал, апаттан зардап шеккендердің біреуі хал үстінде. Түрлі дене жарақатын алған қалған төртеуі травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайын дәрігерлер "тұрақты" деп бағалады.

М. Тоқтасынқызы