Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Елде, коронавирусқа қарсы вакцинация ақпан айында басталады

AstanaTV
19.01.2021ж. 20:00
2032
Елде, коронавирусқа қарсы вакцинация ақпан айында басталады

Көңіл көншітпейтін болжам. Елде коронавирус жұқтырғандар саны наурыз айының соңында күрт көбейуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрі бүгінгі Үкімет отырысында осындай мәлімдеме жасады. Айтап айтқандай, сырқаттану деңгейі аймақтарда бүгіннің өзінде едәуір артқан. Ал, вакцинация елде ақпанның 1-де басталмақ. 20 мың адамға ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу жоспарланып отыр. Екпе қауіпсіз бе? Бұған халықтың көз қарасы қандай? Әріптесім Асылбек Данияр тұрғындардың пікірін біліп көрді.  

Өткен жылы басталған пандемияның басылатын түрі жоқ. Әлемнің 220 еліне тарап үлгерген індетті 96 миллионнан астам адам жұқтырған. Оның ішінде 170 мың қазақстандық бар. Вирустың тез таралуына сақтық шараларының сақталмауы себеп. Мұны Денсаулық сақтау министрі айтып отыр. Жыл басынан бері COVID-19-ға 15 мыңға жуық адам шалдыққан екен. Шығыс Қазақстан облысын басқа өңірлердің барлығына науқастар саны арта түсіпті.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Науқастардың саны наурыз айының соңында көптеп тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін күтілуде. Дегенмен, аталған сценарий кезінде карантинді қатаңдату жоспарланып отырған жоқ. Ал, реалистік және пессимистік сценарийге келсек күн сайын тиісінше 6 мыңнан 9 мыңға дейінгі жағдайға тіркелуі мүмкін, бұл кезде күшейтілген шектеу шараларын енгізу қажет болады.

Ал, ақпаннан бастап елде коронавирусқа қарсы вакцинация басталады. Препаратты егу екпенің жеткізілуіне байланысты, кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша, дәріні алғаш болып барлық санаттағы медицина қызметкерлері, педагогтар, мектепке дейінгі балалар және ішкі істер органдарының мамандары қабылдайды.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Біздің есебімізше, 2 миллион адамға екпе ексек, ауырған адамдар саны 40 мыңға азаяды. Яғни, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, сырқаттанушылық пен өлім-жітім дерегі сол құрлым төмендейді. Шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы да артады.

Осы орайда ел тұрғындарынан вакцинаға көзқарасын біліп көрген едік. Халықтың пікірі әлі күүнге екі түрлі.

БЛИЦ:

- Керегі жоқ. Онсызда 72-демін. Қалған ғұмырым жетеді өзіме.

- Жоқ, мен салдырмаймын. Әлі дайын емес сияқтымыз оған.

- Пайдалы болса, халыққа салыңдар, үлкен кісілерге салуға болады деп шақыртып жатса, салдырармыз.

- Салғызбаймын, қорқамын әлі толықтай зерттелмеген ол.  

- Салдырмаймын қарсымын. Шетелде қайтыс болып жатыр ғой жасы келгендер. Мен зейнеткермін.

- Салдырамын деп ойлаймын. Себебі, ауырғаннан гөрі алдын алған дұрыс. Кішкене қорқыныш бар әрине.


Пандемия бүкіл әлемді тізе бүктіргеннің өзінде, коронавирустық инфекцияға сенбейтіндер әлі де кездеседі.

БЛИЦ:

- Коронавирусты көріп жатқан жоқпыз ғой. Мына жерде ауырып, құлаған адамды көрген жоқпын өз көзіммен.
 
Бүгінде еліміздің бірқатар аймақтарында шектеу шаралары күшейтілген. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес республика бойынша 15 санитарлық бекет пен 4 блокпост жұмыс істеп тұр.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:


Көлік өткізу бекеттерінен 1 қаңтардан бері ПТР-анықтамасы жоқ 3200 азаматты оқшауланды. Жалпы, күніне 150 адамнан карантиндік стационарларға жатқызылып жатыр.

Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты COVID-19-дың қызыл белдеуіне 6 аймақ кіріп отыр. Ішкі істер министрі аталған өңірлердегі мобильді топтардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Себебі, қанша ескертуге қарамастан той тойлайтындар мен медициналық маска тақпайтындар көбейген.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Жоспарға сай жыл соңына дейін 6 миллионға дейін қазақстандыққа коронавирусқа қарсы екпе егуді жоспарлапты. Отандық препараттың 3 фазасы сәтті аяқталса, көктемде ол да қолданысқа берілуі ықтимал. Денсаулық сақтау министрі, вакцинаның кері әсері анықталмағанын және тиімділігі 95 пайыз екенін айтуда. Ал, сіз вакцина қабылдауға дайынсыз ба?

А. Данияр, Ә. Лесбек, А. Төребекқызы, Е. Карин